Өскемен іргесіндегі Шешек асуында «Таза Қазақстан» экологиялық саябағы ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысының картасы пішінінде жасалған саябақтың жалпы көлемі жеті жарым мың шаршы метрден асады.
Ашылу салтанатынан кейін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың бастамасымен өңірдің әрбір қала және аудан әкімдері белгіленген орындарға өз ағаштарын отырғызып, акцияға өз үлестерін қосты.
«Таза Қазақстан» жобасы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықты арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда өңірде елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалықты сақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Қазір облыста тағы үш эко-парк дайындалып жатыр. Бұл жобаның тағы бір өзгешелігі — бюджеттен ешқандай ақша қарастырылған жоқ. Әр аудан өзінің бюджетінен тыс ақшаларына тиісті көшеттерді алып келді. Бүгін 1000-нан астам көшет отырғызылды. Жоба мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы ұйымдастырылатын сенбіліктер барысында да аудан әкімдіктері ағаш егіп, ауқымын кеңейте бермек, — деді аймақ басшысы.
Саябақты абаттандыру жұмысы әр ауданның өзіне жүктеледі.
Облыс әкімінің айтуынша, саябақты күту, абаттандыру жұмыстарына тамшылатып суару әдісі қолданылады.
Оны да бюджеттен тыс қаражатқа, яғни жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырамыз. Шешек асуына демалыс күндері отбасымен келетін демалушылар саны артып келеді. Біздің басты мақсат — қорғаша ортаға жанашырлық көрсетіп, тазалау ғана емес, адамның ойын тазалап, көпшілікті біріктіру. Бірлік болмай, береке болмайды, — деп атап өтті Нұрымбет Аманұлы.
Шешек асуында ашылған жаңа саябаққа жалпы 6 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған.
“Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” деген ұлаатты сөз бар. Бүгін Президетіміздің бастамасын қолдап, Тарбағатай ауданынан Шығыстың бас қаласына 60-тан астам көшет әкелінді. Алдағы жылдары мұнда аудандағы кей жерлердің макетін жасауды жоспарлап отырмыз. Шешек асуы — жолдың бойында орналасқан. Өскеменде тұратын жерлестеріміз, ары-бері өткен жолаушылар осы орынға келіп, өз ауданының шағын ғана бейнесін тамашалап, демалуға мүміндік жасамақпыз, — деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Шешек демалыс аймағын абаттандырудың екінші кезеңі туралы айтып өтті. Алдағы уақытта мұнда сахна құрылып, автотұрақ, дәмхана, жалға беру орындары, балалар ойын алаңы, баскетбол және футбол алаңы, әткеншектер мен дәретхана салу жоспарланған.




