Бүгін Өскемен жылу электр орталығын (ЖЭО) кеңейту жобасын практикалық іске асыру басталды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Ыдырысов, мемлекеттік органдардың өкілдері, компания басшылары мен жоба серіктестері жаңа энергетикалық нысанның іргетасына болашақ ұрпаққа арналған үндеуі бар символикалық капсула салды, деп хабарлайды F16.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба қаланың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету, энергетикалық қуат қорын қалыптастыру және жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бүгінде энергетиканы дамыту Өскеменнің одан әрі өркендеуімен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, оның сенімділігін қамтамасыз ету және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мемлекет үшін аса маңызды міндет екенін бірнеше рет атап өтті. Өскемен қаласы мен өңірдегі өнеркәсіптің өсуі энергияға деген қажеттілікті арттырып отыр. Сондықтан сенімді энергетикалық инфрақұрылым – біздің одан әрі дамуымыздың негізі. Мұндай жобаның іске асырылуы станцияның қуатын арттырып, облыс орталығын жылумен жабдықтаудың сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өскемен ЖЭО-сын кеңейту станцияның қуатын арттырып, қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін қосымша ресурс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жобаға дайындық барысында ҚР Энергетика министрлігі мен Өскемен ЖЭО арасында инвестициялық келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде жоба ұлттық маңызы бар жоба мәртебесіне ие болды.
Жаңа энергия блогы қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл Өскеменді одан әрі дамыту үшін қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба аясында жаңа жұмыс орындары құрылады. Мамандар заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, өз дағдыларын үнемі жетілдіре алады. Энергетикаға жаңа қуаттармен қатар, кәсіби кадрлар қажет, – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Ыдырысовтың айтуынша, жобаны іске асыру нәтижесінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.
Жобаны іске асырудың арқасында 300 тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіліп, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Дінмұхамет Ыдырысов.
Жоба қаланың және өнеркәсіп өндірісінің өсуі жағдайында ерекше маңызға ие. Қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы оны жаңғыртуды ғана емес, аумақтың перспективалық дамуын ескере отырып, жаңа қуат көздерін құруды да талап етеді.
Өңір басшысының айтуынша, жобаны іске асыруда мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады.
Мемлекет пен инвестор күш біріктірген кезде тұрғындар күнделікті өмірде байқай алатын нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Атап айтқанда, үйдегі жылу, әлеуметтік инфрақұрылымның сенімділігі және қала экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер. Біздің міндетіміз – жобаның сапалы, қауіпсіз әрі белгіленген мерзімде іске асырылуына жағдай жасау, – деді ШҚО әкімі.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Шығыс Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру жолындағы кезекті қадам болмақ.




