Өскемендегі Жамбыл саябағында 300-ден астам адам қатысқан сенбілік өтті, деп хабарлайды F16.kz.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткен тазалық акциясына негізінен мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен еріктілер атсалысты. Олар саябақ ішіндегі жолдың мұзын мұзын ойып, қарын күреп, жиналған қоқысты шығарды. Сондай-ақ Жамбыл Жабаев ескерткішін жуып, тазалады. «Таза Өскемен» мекемесінің қызметкерлері ескерткіш маңында ағымдағы жөндеу жүргізді.
Бүгін біз саябақтағы ақын ескерткішін ретке келтіріп, тазаладық. Жолдағы мұзды ойып, қар күредік. Ал жиектегі қарға тиіспедік. Өйткені оның астында көпжылдық гүлдер мен өсімдіктер бар. Оларға ылғал керек. Қар кеткен соң гүлдерді суарып, күтіп-баптауға кірісеміз. Алдағы уақытта саябақта тағы да гүлдер егеміз, тазалық жүргіземіз. Биыл біз Астананың ботаникалық бағымен және Риддер тұқымбағымен меморандумдарға қол қойдық. Оның аясында тәжірибе алмасамыз, тұқымдар мен өсімдіктерді айырбастаймыз. Алдағы 1 мамырда Өоблыс орталығында фестиваль өтеді. Оған Астана, Риддер және Өскемен қалаларының саябақтары қатысады. Осы шараға баршаңызды шақырамыз, – деді «Таза Өскемен» директорының орынбасары Ботагөз Мейірханова.

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаевтың айтуынша, қалада «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылатын экологиялық шаралардың жоспары бекітіліп, алғашқы легі басталып та кеткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаеатың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы Өскеменде де өз жалғасын тауып жатыр. 23 наурызда «Таза бұлақ» бастамасы аясында облыс әкімінің тікелей қатысуымен Шешек асуындағы және Бестерек ауылының маңыздағы бұлақ көздері аршылған болатын. Бүгін міне қаладағы орталық саябақтың бірі Жамбыл атындағы саябақта 300 адамның қатысуымен сенбілік өтіп жатыр. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша тиісті жұмыс жоспары бекітілген, соған сәйкес алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев.

Айта кету керек, өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы экологиялық шаралар жүйелі түрде жалғаса береді. Ең бастысы, мұндай тазалық шаралары тек облыс орталығымен шектелмей, облыстың барлық қала және ауданында кеңінен ұйымдастырылады.




