Өскемен мен Семейде салынатын жылу электр орталықтары (ЖЭО) құрылысын қазақстандық—сингапурлық консорциум жүргізетін болды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанның үш қаласы – Өскемен, Семей және Көкшетауда бой көтеретін жаңа ЖЭО-ларды ресейлік компаниялар салады деп жоспарланған. Алайда Энергетика министрлігінің соңғы дерегіне сәйкес, жобаны Сингапурда тіркелген компания қатысатын консорциум іске асырмақ.
Вице-министрдің айтуынша, бұл – қазақстандық және шартты түрде сингапурлық компаниялардың бірлескен жобасы. Консорциум құрамындағы компания Сингапурда тіркелгенімен, құрылыс барысында заманауи қытайлық технологиялар қолданылып, барлық экологиялық талаптар толық сақталады.
Бұған дейін «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Семей мен Өскемендегі екі ЖЭО құрылысына қатысты келісімшарттар биылғы 30 қаңтарда жасалғанын мәлім еткен. Жоспар бойынша нысандар 2029 жылдың соңында пайдалануға берілмек.
«Меніңше, Самұрық-Энерго мамандары ірі жобаларды іске асыратын компанияларды кездейсоқ таңдай салмайды. Бұл – тәжірибесі бар, заманауи технологияларға қол жеткізе алатын серіктес. Өйткені мұндай жобалар үшін әріптестеріміз жеке жауапкершілік арқалайды, – деді вице-министр Сұңғат Есімханов.




