Шығыстың бас шаһарында Жаңа жыл мерекесі бір уақытта бірнеше ауданда кең көлемде тойланды. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы дайындалған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылып, жаңажылдық көңіл күй қаланың әр бөлігінде сезілді, деп хабарлайды F16.kz.
Мерекелік іс-шаралардың негізгі бөлігі 31 желтоқсанда кешкі сағат 21.00-де басталып, түнгі 01.30-ға дейін жалғасты. Музыкалық-театрландырылған бағдарламалар бір уақытта бірнеше алаңда өтіп, тұрғындарға өздеріне ыңғайлы орындарда Жаңа жылды қарсы алуға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, мерекелік концерттер Республика алаңында, ЖМК шағын ауданындағы «Өскемен» аллеясында, Үлбі өзенінің жағалауында, Коменданткада, Защита шағын ауданында және Ахмер ауылында ұйымдастырылды. Әрбір алаңда сахналық қойылымдар, концерттік бағдарламалар мен көңілді шоу ұсынылып, көрермендер жаңа жылды шаттыққа толы көңіл күймен қарсы алды.
Жылда орталық алаңға жаңажылдық отшашуды тамашалаймыз. Бұл біздің отбасында дәстүрге айналған. Бала-шағамызды ертіп биыл да келдік. Күн жылы болып тұр, тамаша. Нағыз мерекелік атмосфераны сезініп жатырмыз, — деді Өскемен тұрғыны Жаннұр Әсемхан.
Мерекенің шарықтау шегі түнгі сағат 01.00-де болды. Осы уақытта Өскемен қаласының барлық мерекелік алаңдарында бір мезетте жаңажылдық отшашу атылды. Көпшілік бұл сәтті ерекше әсермен қарсы алып, бір-біріне ізгі тілектерін білдірді.
Сонымен қатар бұл кеште тұрғындарға мерекелік сауда ұйымдастырылды. Республика алаңында фастфуд, ыстық шай мен кофе сатылып, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасалды. Бұдан бөлек, мерекелік ойыншықтар мен кәдесыйлар ұсынылды.
Осы күні Коменданткадағы шыршаның маңында да сауда павильондары қызмет көрсетті. Бұл тұрғындарға мерекелік серуен кезінде жылынып, көңіл көтеруге мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, Өскеменде Жаңа жыл мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бірнеше ауданда бірдей тойланды. Қала тұрғындары жаңа жылды жақындарымен бірге қарсы алып, көтеріңкі көңіл күймен 2026 жылға қадам басты.




