Өскеменнен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына субсидияланатын әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы өңірдегі авиация саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, авиациялық инфрақұрылымды дамыту Шығыс Қазақстанның көлік қолжетімділігі мен туристік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежай құрылысы жалғасып жатыр. Зайсан әуежайының ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы толық салынып, нысан 76 пайызға аяқталған. Бүгінде ғимараттар, инженерлік инфрақұрылым, автожолдар мен аумақты қоршау жұмыстары жүріп жатыр.
Ал, Катонқарағай ауданындағы әуежай құрылысының 55 пайызы дайын. Онда жасанды ұшу-қону жолағына асфальтбетон жабынының екінші қабаты төсеу, ғимараттар мен инженерлік желілер салу, кіреберіс жолдар мен периметрлік қоршау орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Жоспар бойынша Зайсан әуежайының құрылысы осы жазда, ал Катонқарағайдағы нысанның құрылысы күзде аяқталып, екі әуежай да жыл соңына дейін қолданысқа берілуге тиіс.
Әр нысанда 57 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Құрылыс кезеңінде 320 адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Жаңа әуежайлардың операторлық қызметін «Өскемен әуежайы» АҚ атқарады.
Бұдан бөлек, өңірде әуе бағыттарының желісін қалыптастыру және әуе компанияларын тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Алғашқы кезеңде Өскемен – Астана – Алматы бағыттары бойынша ішкі рейстерді іске қосу, кейіннен халықаралық бағыттарды дамыту көзделіп отыр.
Шығыс Қазақстанда Өскеменнен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ашуға қызығушылық бар. Тиісті өтінімдер Көлік министрлігіне жолданды. Осы жобалардың жүзеге асуы өңірдегі жолаушылар ағынын жылына 700 мыңнан 800 мың адамға дейін арттырып, туризмнің дамуына серпін береді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Үкімет отырысына қатысушылар Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейінің жоғары екенін және оның ICAO халықаралық стандарттарына сай келетінін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан ұшу қауіпсіздігі мен халықаралық авиациялық талаптарға сәйкестік бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.
Сонымен қатар биыл 11 халықаралық әуе бағытын ашу және қайта жандандыру жоспарланып отыр.. Олардың қатарында Астана – Ұлан-Батыр, Алматы – Токио, Астана – Гуанчжоу, Қостанай – Ташкент, Алматы – Измир және басқа да бағыттар бар.
Ал облыс орталығы Өскемен әуежайында цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Атап айтқанда, жолаушылар мен багажды тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, цифрлық ақпараттандыру арналары, бейнебақылау және қолжетімділікті бақылау жүйелері, электронды құжат айналымы мен әуе тасымалдарын басқарудың заманауи жүйелері іске қосылуда.
Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Соңғы төрт жылда елімізде авиациялық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер саны 72 пайыздан астам өскен.
Шығыс Қазақстан облысында авиация саласын дамыту мәселесі өңір басшылығының тұрақты бақылауында.




