Бүгін Өскеменнің бірнеше шағын ауданында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы тойланып жатыр. Облыс орталығы тұрғындары концерт тамашалап, ұлттық спорт ойындарына қатысып, мерекенің көрігін қыздырды, деп хабарлайды F16.kz.
Меновной ауылындағы Жібек жолы сауда кешенінің алдында қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, үлкен сахна құрылған. Жәрмеңкеде ұлттық тағамдар: құрт-ірімшік, қымыз, шұбат, кілегей, тары-талқан, жент және басқасы толып тұр. Сахнада өнерпаздар ән салып, жиылған жұрт қосыла шырқады. Әуенге елітіп биледі. Балалар асыр салып ойнап жүр. Күн де бүгін ерекше мейірімін төгіп, жылына қалды. Қойдың орнына дәл сондай салмақ тартатып құм толтырған қапты көтеріп жарысқан жігіттер бірінен-бірі озып, жүлдеге таласты.
Бүгін Меновной тұрғындары Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтіп жатыр. Бұл тойды №11 өзін-өзі басқару комитеті Ерғали деген кәсіпкер азаматтың демеушілігімен жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Халықтың көңіл-күйі жақсы, наурызкөжеден дәм татып, концерт тамашалап, ұлттық ойындарды қызықтады. Киіз үйлер тігілді, салт-дәстүр көрсетілді, – деді Өскемен қаласы мәслихатының депутаты, ақын Әскерхан Ақтай.

Осы думанды мерекеге Алматыдан арнайы келген кәсіпкер Ерғали Зейнолда Өскемен тұрғындарын қатар келген қос мейраммен құттықтады.
Қасиетті Ораза айт пен Наурызды қатар атап өту үшін Шығысқа әдейілеп келдім. Ондағы ойымыз осындағы ағайынның басын қосып, ұлттық дәстүрді жаңғыртсақ, келешек ұрпаққа асыл мұрамызды дәріптесек деген игі ниет, – деді кәсіпкер.
Бұл күні Наурыз мейрамына арналған мерекелік концерт 19 ықшам ауданның Oskemen аллеясында да өтті. Мерекелік бағдарлама аясында сахнада жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, Aposh Sarbaz, Baika, Бақыт Еркінқызы, Думан Серік, Руфат Маратұлы, Қуаныш Оралбаев, Аслан Шыңғысбек және Дина Мырза сынды әншілер ән шырқап, кештің сәнін келтірді. AlemSazy Band тобы да жанды дауыста өнер көрсетті. Концерт бағдарламасы ұлттық нақыштағы билермен толықты.
Сонымен қатар мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Қатысушылар арқан тарту және қол күресі сайыстарында бақ сынады.




