Өскемен іргесіндегі Шешек жотасы айналдырған жарты жылда белсенді демалыс пен берекелі cауықтың ордасына айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары бұған дән риза. Кезекті мерекелік думан 7 наурызда өтті. Көпшілік қауым бұл жерде Отбасы фестивалін тойлады, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр жаздың соңын ала ашылған Шешек демалыс аймағы қаладан қарға адым жерде тұрғандықтан ба әйтеуір, бұл жерге ат байлайтындар қарасы азайған емес, демалыс күндері тіпті көбейеді. Тамаша табиғат аясындағы абаттандырылған аумаққа ағылып жатқандардың дені – балалы-шағалы отбасылар. Жастар да бар. Қаланың қым-қуыт тіршілігін бір сәт ұмытып, у-шуынан аулақтығысы келген жұрт осылай қарай асығады. Бүгін де солай болды және демалушылар қарасы әдеттегіден әлдеқайда көп еді.

Отбасы фестивалін атап өтуге жиылған көпшілікке арнап өнерпаздар концерт қойды, саудагерлер жәрмеңке көрігін қыздырды, қолөнер шеберлері көздің жауын аларлық бұйымдарын жайып салды. Балалар ойын ойнады, сырғанақ тепті. Тәтті-дәмдіге қарық болды. Ертектегіі сүйікті кейіпкерлерімен би билеп, ән шырқады. Ересектер салт атпен серуендеп, фотоаймақта суретке түсті, әуе шарымен көкке көтеріліп, құс биігінен төңіректі шолды. Командалық сайыстар ұйымдастырылып, үздіктер сый-сияпатқа бөленді.

Павлодар облысынан қонаққа келген Қарлығаш Рашидқызы Шешек асуында өтіп жатқан Отбасы фестивалін нағыз халықтық мейрам деп атады.
Жақсы бір мереке болады дегенді естіп бала-шағамен, немерелермен бәріміз келдік. Бүгін күн де шуағын төгіп, тамаша болып тұр. Адамдар мәз-мейрам. Шешекті бірінші рет көріп тұрмын. Қаланың дәл жанынан жақсы демалыс орнын ашып қойыпты. Табиғат та керемет екен, – деді көрші облыстан келген қонақ.
Бұл жерге келетін адам қарасы тым көп дедік. Бастапқыда 40 көлікке шақтап жасаған автотұраққа мәшін сыймай қалды. Иін тірескен жұрт. Өскемен әкімдігі биыл жазда демалыс аймағын дамытып, кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін жекеменшік иелікке бермек.
Былтырдан бастап Шешек асуын абаттандырып, кішігірім демалыс аймағын жасадық. Бұл жерге адамдар бұрыннан келетін. Абаттандыру жүргізілген соң демалушылар саны тіпті көбейді, сыймай жатыр. Бастапқыда біз ойлағаннан да артып кетті. Енді бұл жерді ары қарай дамытуымыз керек. Бүгін міне отбасылық құндылытарды дәріптейтін Отбасы фестивалін ұйымдастырдық. Бәріне ұнап жатқан сияқты. Күнделікті күйбең тірлікпен шапқылап, жұмыс істеп жүрген тұрғындардың көңіл күйін көтеріп, тынығуы үшін мұндай бастамалар қажет. Болашақта мерекелік шаралар жалғаса береді, – деді қала әкім Алмат Ақышов.

Шаһар басшысы Шешек демалыс аймағын жан-жақты дамыта түсу үшін жобаға кәсіпкерлерді тарту көзделіп отырғанын атап өтті.
Биыл бюджет есебінен көлік тұрағын кеңейтіп, шатырлар санын көбейтіп, қосымша жұмыс істеген соң бұл жерді бизнеске береміз. Ондағы негізгі мақсат – бюджетке ауыртпашылықты азайту. Екіншіден, жеке кәсіпкер иелігінен алған соң осындағы дүниелердің бәрін сақтап, ұқыппен ұстап ғана қоймай, оны дамытуға мүдделі болады. Бір айта кетерлігі, демалыс аймағы бизнеске берілсе де осыған дейін бюджет есебінен жасалған шатырлар, ойын алаңы, кәуап пісіретін мангалдар және басқа да дүниелер тегін болып қала береді. Ал егер кәсіпкер осы жерге өз есебінен мейрамхана салса, атпен серуендейтін қызмет ұсынса, жотаның басына шығатын арқанжол тартса немесе басқа да түрлі қызмет ұсынса оны ақылы ете алады. Өйткені өз қалтасынан инвестиция құяды, – деді қала әкімі.




