ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алтай ауданында кездесу өткізі, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауын талқылады, деп хабарлайды F16.kz.
Мәлік Отарбаев өз сөзінде еліміздің болашағы әр өңірдің цифрлық өзгерістерге белсенді түрде қосылуына байланысты екенін ерекше атап көрсетті.
Цифрлық трансформация – бұл тек жаңа технологиялар емес. Бұл – ойлау жүйесінің, басқару мен өзара іс-қимыл тәсілдерінің жаңаруы. Әрбір азамат елдің дамуына өз үлесін қоса алады, – деді ол.
Кездесу барысында аудан әкімі Ренат Құрмамбаев білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет салаларында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер туралы сөз етті.
Біз халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мен ашық технологияларды дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бұл – заманауи, ыңғайлы және тиімді басқарудың негізі, – деді әкім.
Игі бастамаларға жергілікті атқарушы орган өкілдері де қолдау білдірді. Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Гречушникова мәслихат әрқашан тұрғындармен ашық диалог жүргізуге дайын екенін және өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдайтынын айтты.




