Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті күшейту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, заң мен тәртіп қағидаты қоғамдық өмірдің барлық саласында мүлтіксіз сақталуы қажет, деп хабарлайды F16.kz.
Президент заңға бағыну мәдениеті тек мемлекеттік деңгейде емес, күнделікті өмірде де қалыптасуға тиіс деді. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы тәртіп, отбасылық және бұқаралық іс-шаралар мәдениеті, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау осы қағидаттың ажырамас бөлігі болуы керек.
Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды. Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс. Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек. Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет. — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ғалымдарды марапаттау рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.




