Риддер әкімдігі туризмді дамытуға қатысты ауқымды жоспарлар бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, барлық жобалар толық жүзеге асқан жағдайда жергілікті туристік нысандар Ресейдегі танымал курорттармен бәсекелесе алады.
– Біз тау шаңғысы курортын салуды жоспарлап отырмыз. Алайда әзірге бұл жобаны қолға алатын кәсіпкер табылмай тұр. Жер телімі дайын, қажетті инфрақұрылымды тартуға мүмкіндік бар. Болашағы зор жоба деп есептейміз. Себебі, бізге жақын жерде Ресейдің «Манжерок» және «Шерегеш» курорттары орналасқан. Бірақ ондағы бағалар Мәскеу деңгейімен шамалас. Ал біздегі қызмет құны әлдеқайда қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, логистикалық артықшылығымыз да бар. Бір жағынан кез келген әуе кемесін қабылдай алатын Ресей Алтайының әуежайы орналасқан. Екінші жағынан – Өскемен әуежайы бар. Бұған қоса, біздің жолдарымыздың табиғи көрінісі де Ресей бағыттарынан кем түспейді. Риддер – Өскемен, Өскемен – Алтай, Алтай – Катонқарағай бағыттарын қамтитын үлкен туристік шеңбер құруға мүмкіндік бар, – деді Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев.
Оның айтуынша, қазір ауқымды жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Алдағы ең көп дегенде бес жыл ішінде барлық жобаны толық іске асыру жоспарланған.




