Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар жоспарлы түрде іске асырылып жатыр. Самар ауданының орталығында 24 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды F16.kz.
Самар ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жуықта бұл нысанға жөндеу жұмыстарының барысымен танысу үшін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов барған. Облыс әкімі жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына оң баға беріп, мердігер ұйымға тұрғын үйді белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Былтыр сәуірде басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың соңында бітеді деп жоспарланып отыр.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, тұрғын үйдің алғашқы екі қабатындағы пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілсе, үшінші қабаттағы пәтерлер мемлекеттік қызметшілер арасында үлестіріледі. Жоба аясында мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сегіз пәтер облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынады.
Бастапқыда тұрғын үй электр энергиясымен жылытылады. Орталық қазандықтың құрылысы аяқталған соң ғимаратты орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу көзделген.
Барлық пәтерлер дайын күйде тапсырылады. Үйлердің бөлмелері кең әрі жарық, терезелері үлкен және балконы бар. Бұл тұрғындарға өте қолайлы.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Самар ауданында тұрғын үй кезегінде 418 азамат тіркелген. Оның ішінде 109 жетім бала, 200 әлеуметтік осал топ өкілі, 58 көпбалалы отбасы, үйі апатты жағдайда деп танылған алты азамат, сондай-ақ 45 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйым қызметкері бар.
Самар ауданында тұрғын үй жобаларын іске асыру тұрғын үй кезегін кезең-кезеңімен қысқартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және Шығыс Қазақстан облысы басшылығының тұрақты бақылауында.




