Самар ауылының тұрғындары жақын күндері сапалы ауыз сумен қамтылады. Самар ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Кеңес дәуірінен қалған, тозығы жеткен құбырлар осы уақытқа дейін тұрғындарға қиындық туғызып келсе, жаңа жүйенің жобасында да мәселелер туындаған. Қазір оны жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл жоба іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарын жаңа су жүйесіне толық көшіру жоспарланған.
Самар ауылындағы ауыз су мәселесі тұрғындар үшін ұзақ уақыт бойы өзекті болып келді. Елді мекендегі ескі су құбырларының басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын тартылған. Бүгінде олардың тозу деңгейі шамамен 90 пайызға жеткен.
Құбырлар жиі істен шығады, ал апат жағдайында оларды қалпына келтіру қиын. Кей жерлерде су қысымы жеткіліксіз болып, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына су көтерілмейді. Ал тұрғындар бау-бақшаларын суаратын кезеңде жүйеге түсетін салмақ одан әрі артады.Тіпті ауыл тұрғындары бірнеше сағат емес, бірнеше тәулікке дейін сусыз қалған жағдайлар да болған.
Самар ауылындағы су желілерін жаңғырту жұмыстары 2017 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейін бағдарламасы» аясында басталды. Кейін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалғасты.
Бұл жылдары Самар ауылында тағы да су жинау құрылыстарын қайта жаңғырту бойынша жеке жоба да жүзеге асырылған.
Жаңа су желілері тартылып, қажетті сынақтардан өткізілгенімен, ауылды бірден тәулік бойы тұрақты сумен қамтамасыз ету мүмкін болмаған.
Жобалау барысында су алу нысанынан таза су резервуарларына дейінгі ескі учаскені ауыстыру қарастырылмаған. Осы мәселені шешу үшін қосымша су құбыры учаскесін салу туралы шешім қабылданған. Жүйені толық іске қосу үшін тағы 3,2 шақырым су құбырын тарту қажет болды. Жаңа учаске Самар ауылындағы жаңа су жинау нысанын таза су резервуарымен жалғайды. Бұл учаскенің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деді аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Екібасов.
Жаңа магистраль диаметрі 160 миллиметр болатын екі құбыр желісінен тұрады. Екі желінің жалпы ұзындығы — 6,4 шақырым. Бұл құбырлар жинау алу нысанын таза су резервуарларымен байланыстыруға арналған.
Самар ауылында қазір әрқайсысының сыйымдылығы 500 текше метр болатын екі таза су резервуары бар.
Жаңа магистраль осы резервуарларды сумен тұрақты түрде толықтыру үшін салынып жатыр.
Бүгінде қосымша учаскеде траншея қазу және құм төсемін дайындау жұмыстары толық аяқталған. Траншеяның тереңдігі шамамен 2,5 метр, ал түбіне қалыңдығы 10 сантиметр болатын құм қабаты төселген. Нысанға қазірдің өзінде 2400 метр құбыр жеткізілген. Құбырлар Өскеменнен екі күн сайын тасымалданады. Траншея қазу, құбырларды төсеу және оларды дәнекерлеу жұмыстарын «Eiwaz» ЖШС жүргізіп жатыр, — деп атап өтті әкімдік өкілі.
Жаңа желіні монтаждау барысында пластик құбырларды біріктіру үшін арнайы аппарат қолданылады. Құбырдың ұштары қыздырылып, кейін қысым арқылы бір-біріне жалғанады.
Жұмыс екі желі бойынша қатар жүргізіліп жатыр.
Құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Одан кейін жаңа учаскеде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, магистральды салу қажеттілігі бастапқы жобада ескерілмегендіктен оны салуға бюджеттен арнайы қаражат қарастырылмаған. Осы мәселені шешу үшін аудан әкімдігі «Eiwaz» ЖШС-мен жұмыстарды ақысыз орындау туралы меморандумға қол қойған.
Ал құрылыс кезінде жер қазу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдар, тұрғындар мен аудан әкімі Серік Жеңісов те атсалысқан көрінеді.
Биыл қыста екі сумен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді. Яғни жаңа су құбырына қосылып үлгерген тұрғындар артезиан суын пайдаланады. Ал жаңа жүйеге әлі қосылмаған тұтынушылар үшін ескі су желісі уақытша жұмысын жалғастырады. Жаңа жүйенің тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың барлығы қосылғаннан кейін ғана ескі желілерді қолданыстан шығарамыз, — дейді Тимур Екібасов.
Жалпы ауыл халқын 2027 жылы көктемге дейін 100 пайыз жаңа су құбырына көшіру жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Самар ауданының тұрғындарымен кездескен өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов 2026-2028 жылдары Самар ауылында ұзындығы 3,2 шақырым болатын магистральдық су құбыры тартылатынын және Көкжота ауылында 711 млн теңгеге су құбыры желілері мен жаңа құрылыстар бой көтеретінін айтқан.




