Өңірде су басу қаупі жоғары аймақтардың бірі – Самар ауданы. Бүгінде онда дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, алдын алу шаралары күшейтілген, деп хабарлайды F16.kz.
10 ақпандағы дерек бойынша топырақтың қату тереңдігі орта есеппен 45 сантиметрді құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 14 сантиметр болған. Қар жамылғысының биіктігі қазіргі таңда 42 сантиметр болса, 2025 жылы 75 сантиметрге жеткен.
Гидрологиялық жағдай тұрақты. Үлкен Бөкен өзеніндегі (Жұмба ауылы) және Қайыңды өзеніндегі (Миролюбовка ауылы) су деңгейі қауіпті межеден төмен. Аудан аумағында сегіз гидротехникалық нысан бар. Оның бесеуіне «Шығыс су қоймалары» КМК қызмет көрсетеді, үшеуі коммуналдық меншікте, — дейді аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі күні Самар ауылында 15 үйде 39 адам, Миролюбовка ауылында 5 үйде 19 адам қауіп аймағында тұрады.
Қазіргі уақытта нақты қауіп жоқ. Инженерлік дайындық жұмыстары толық жүргізілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Су деңгейі мен гидротехникалық нысандардың жағдайы күн сайын тексеріледі. Қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайынбыз, — деді Самар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әсет Сейілқұмаров.
Тасқынның алдын алу бағытындағы негізгі шаралардың бірі — «Карповка» су қоймасын жаңғырту. Мұнда су ағызу жүйесі жөнделіп, түпкі су шығару құрылғысының өткізу қабілеті арттырылды, бөгет нығайтылған. Сонымен қатар тәуекел аймағындағы елді мекендерде арық жүйелері тазартылып, тексерілген.
10 ақпаннан бастап ауданда жоғары дайындық режимі енгізілді. Барлық ауылдық округ әкімдіктерінде кезекшілік кестесі бекітілді.
Жауапты органдардың айтуынша, қорда 2 мың қап, 100 тонна инертті материал, жанар-жағармай, мотопомпалар мен генераторлар бар. Биыл қосымша генераторлар, мотопомпалар және жиналмалы төсектер сатып алу жоспарланып отыр. Тасқын кезеңіне 7,5 млн теңге қаражат қарастырылған.
Төтенше жағдай туындаса 1 150 адамды қабылдай алатын тоғыз эвакуациялық пункт дайын. Самар және Миролюбовка ауылдарында уақытша орналастыру орындары белгіленіп, оларды толық жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Басты мақсат — төтенше жағдайдың алдын алу. Барлық қызметтер дайын, қажетті техника мен материал қоры жасақталған. Тұрғындардың қауіпсіздігі — негізгі бақылауда, — деді аудан әкімі Серік Жеңісов.
Жағдай облыс және аудан басшылығының тұрақты бақылауында. Күн сайын мониторинг жүргізілуде.




