Семейде бір үйдің үш баласы ата-анасының наным—сеніміне байланысты мектепке бара алмай, ерте жастан білім беру жүйесінен шет қалған. Бұл туралы Абай облысының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
«Отбасының цифрлық картасы» жобасын іске асыру аясында қалалық прокуратура өкілдері төрт баланың міндетті орта біліммен қамтылмағанын анықтады.
Деструктивті діни көзқарасты ұстанған отбасында 8 жас пен 13 жас аралығында үш бала тәрбиеленіп жатқаны және олар ата-анасының наным-сеніміне байланысты мектепке бару мүмкіндігінен айырылғаны белгілі болды. Прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдар әр баланың білім деңгейін бағалап, кейін оларды мектепке қабылдады. Анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларына тәртіптік жаза қолданылды.
Сондай-ақ психикалық дамуы тежелген 9 жастағы баланың құқығы бұзылғаны белгілі болды. Балаға мүгедектік берілмегендіктен, ол мектепке де бармаған, арнайы білім де ала алмаған.
Прокуратураның араласуынан кейін бала психикалық денсаулық орталығына стационарлық тексеруге жіберіліп, ресми қорытынды алуға және әрі қарай оқу бағытын айқындауға мүмкіндік жасалды. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп жазды Абай облысының прокуратурасы.
Семей қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және олардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бойынша белсенді әрі мақсатты жұмыс жүргізуді жалғастырады.




