Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров Өскемендегі «Жайлы мектептің» құрылысымен танысты, деп хабарлайды F16.kz.
Есенберлин даңғылында 600 орындық заманауи білім ордасы салынып жатыр. Құрылыс былтыр сәуір айында басталған. Халық саны күн сайын артып келе жатқан бұл аудандағы мектептерде орын тапшылығы өзекті мәселеге айналған.
Айта кету керек, аталған нысанның құрылысы былтыр желтоқсан айында аяқталып, қолданысқа берілуі керек болған. Бірақ кестеден кешігіп, шілденің ортасына жоспарланды.
Мердігердің айтуынша, осы апта жиһаздар жеткізіліп, жұмыстар толық шілденің соңында бітеді.
Құрылыс қарқынына байланысты сұрақ туындады. Мемлекет ақшаны уақытында беріп отырғандықтан, мердігер де құрылысты сапалы әрі белгіленген кестеге сай жүргізуге тиіс. Егер айтылған уақытта үлгермесе шара қолданып, айыппұл салынады. Тамыз айында депутаттар тобы қайта келіп, сапасын тексереміз, — деді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.
Алдағы уақытта ел игілігіне беру жоспарланған ғимаратта оқушыларға барлық жағдай жасалмақ.
Естеріңізге сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша былтыр 2100 орындық бес мектеп қолданысқа берілген. Олар Шемонаиха, Риддер, Өскемен (Увалиев және Тимофеев көшелері) қалаларында орналасқан. Ал, Белоусовка (Глубокое ауд. — авт.) кентіндегі жайлы мектепте 1 сәуірден бастап бастауыш сынып оқушылары білім алып жатыр.




