Шемонаиха қаласында Үбі өзенінің жағалауында өтетін UBA OpenFest жазғы фестивалі биыл екінші рет ұйымдастырылмақ. Ауқымды мәдени-демалыс шарасы өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Өткен жылы фестивальге екі мыңнан астам адам қатысса, биыл келушілер санының айтарлықтай өсуі күтіліп отыр.
Шемонаиха ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, фестиваль қалаға кіреберістегі Үбі өзенінің жағалауында өтеді. Бағдарламаға қолданбалы өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдардың қойылымдары және концерттік нөмірлер енгізілген.
– UBA OpenFest биыл кеңейтілген форматта ұйымдастырылады. Фестивальге бес мыңнан астам тұрғын мен қонақты қабылдауды жоспарлап отырмыз, – деді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай мәдени іс-шаралар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, бір күндік туризмнің дамуына және жергілікті экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етеді.




