Шығыс Қазақстанда халық саны азайып барады. Былтыр өңірде халықтың табиғи кемуі -699 адам болды. Бала табу көрсеткіші өлім—жітім деңгейінен аса алмай тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Биылғы қаңтарда өңір халқының саны 718,9 мың адам болды, оның ішінде қалада – 486,4 мың адам (67,7%), ауылда – 232,5 мың адам (32,3%) тұрады. Халықтың табиғи кемуі 2025 жылғы қаңтар-желтоқсанда -699 адам болды. Алдыңғы жылы осы кезеңде халықтың табиғи өсуі 309 адамға жеткен, – деді басқарма басшысы.
Мусинованың айтуынша, былтырғы қаңтар-желтоқсанда облыста 7451 сәби дүниеге келсе, (2024 жылғы қаңтар-желтоқсаннан 12,4% аз), 8150 адам қайтыс болған (2024 жылғы қаңтар-желтоқсаннан 0,5% аз).
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов халықтың табиғи кемуінің себебін басқа өңірлерімен салыстырғанда Шығыс Қазақстанда қарт адамдардың үлесі басым болуымен түсіндірді.
Біздің өңірде зейнеткерлер көп. Облыс халқының 20,5 пайызы зейнет жасындағы адамдар, ал республикада бұл көрсеткіш – 12 пайыз. Қарт адамдардың азаюы табиғи құбылыс. Ал ауру-сырқаудан немесе басқа себептерден болатын өлім-жітім деңгейі төмен. – деді аймақ басшысы.




