Елдегі бұғы баққан шаруалардың дені Шығыс Қазақстанда. Өйткені сол кербез жануардың басым бөлігі Алтайдың ар жақ, бер жағын мекендейді. Мамандардың айтуынша, өңірде марал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол, бұл сала туризмнің өркендеуіне де оң әсер етеді.
Асыл тұқымды және теңбіл бұғыларды өсіру — марал шаруашылығының маңызды бағыты. Бұл сала жоғары өнімділікті және бағалы емдік шикізатты қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда облыста 19 марал шаруашылығы тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда шамамен 6 500 марал бар. Бұл кәсіп, әсіресе Катонқарағай, Алтай, Зайсан, Күршім, Ұлан және Марқакөл аудандарында қарқынды дамып келеді.
Отандық панты өнімдері ішкі және халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие. Туристік кластердің дамуы арқасында өнімдердің экспорттық әлеуеті одан әрі арта түседі.
2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында марал өсірушілерге арналған жеңілдіктер қарастырылады. Атап айтқанда, айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын несие және асыл тұқымды марал сатып үшін 6% мөлшерлемемен арнайы несие беріледі.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау мен өңірдің бірегей табиғаты марал шаруашылығының алдағы уақытта қарқынды дамуына сенімді негіз болары сөзсіз.




