Шығыс Қазақстан облысында профилактикалық екпе салудан жоспарлы көрсеткіштер толық көлемде бір жасқа дейінгі балалар арасында ғана орындалған. Бұл туралы облыстық санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бергі үш айда нәрестелердің 96 пайызы БЦЖ вакцинасын алған. В гепатитіне қарсы екпе 93,8 пайыз балаға салынған. Алайда өзге вакцина түрлері бойынша қамту деңгейі айтарлықтай төмен. Атап айтқанда, АКДС және Hib вакциналарының бастапқы кешенін тек 14,5 пайыз бала алған. Пневмококк инфекциясына қарсы екінші дозамен қамту 14,2 пайызға тең. Бір жасқа дейінгі балалар арасында да көрсеткіштерге қол жеткізілмеген: пневмококкқа қарсы үшінші доза – 13,7 пайыз, ал қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы вакцина салу 20,4 пайыздан аспаған. Полиомиелитке қарсы төртінші дозамен қамту 12,8 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Екі жасқа дейінгі және алты жастағы балалар арасында да иммундау көрсеткіші 20 пайыздан төмен. Ал 16–17 жастағы жасөспірімдер арасында АДС-М вакцинасымен қамту 16,2 пайыз, ересектер арасында дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцина салу деңгейі 50,4 пайызға жеткен.
Жыл басынан бері облыста 62 тұрғын екпе алудан бас тартқан. Мамандардың айтуынша, бұған адамдардың жеке ұстанымы, наным-сенімі себеп болған. Ал кейбір жағдайда тұрғындар вакцинаға сенімсіздік танытқан.
Соған қарамастан департамент өкілдері үш ай ішінде екпеден кейінгі жағымсыз жағдайлар тіркелмегенін атап өтті. Вакцина салу нәтижесінде бірқатар жұқпалы аурудың, соның ішінде дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит және туберкулездің деңгейі төмендегені айтылды.
Мамандар вакциналардың барлығы қатаң қауіпсіздік және тиімділік талаптарына сай тексеруден өтетінін еске салып, өңір тұрғындарын иммундаудан бас тартпауға шақыруда. Қазір халық арасында түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр.




