30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында адам саудасының алдын алу, қауіпсіз жұмысқа орналасу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kz.
24–30 шілде аралығында елімізде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқаны өтті. Оның мақсаты – азаматтарды адам саудасының заманауи қауіптері туралы хабардар ету, алаяқтардың әрекет ету тәсілдерін түсіндіру және қауіпсіз жұмысқа орналасу мәдениетін қалыптастыру.
Бүгінде қылмыстық топтар адамдарды жоғары жалақы ұсынатын жалған жұмыс орындарымен қызықтырып, әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалар арқылы арбауға көшкен. Соның салдарынан азаматтар еңбек және сексуалдық қанауға, киберқылмысқа, заңсыз көші-қонға, есірткі тасымалына және басқа да қылмыстық әрекеттерге тартылып жатады.
Биылғы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен «Алаяқтықтың тұзағында» ұранымен өтіп жатыр. Науқанның негізгі мақсаты – интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларының құрбаны болып, кейін қылмыстық әрекеттерге мәжбүрленетін адамдар мәселесіне қоғамның назарын аудару.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы «Қауіпсіз мінез-құлық негіздері, қауіпсіз жұмысқа орналасу және шетелге шығу мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Кездесу барысында адам саудасының алдын алу, азаматтардың шетелге шығуы кезіндегі қауіпсіздік, еңбек қатынастарын заңды рәсімдеу және құқықтық қорғау тетіктері талқыланды.
ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Медет Қалиолданың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халық көп шоғырланатын орындарда да жүргізіліп жатыр.
Бүгін – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Бұл күннің басты мақсаты – қылмыстың алдын алу және адам құқықтарын қорғау. Адам саудасы – қазіргі таңда өзектілігін жоғалтпаған ауыр қылмыстардың бірі. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Өскемен – Семей – Астана бағытындағы пойызда арнайы ақпараттық акция өткіздік. Жолаушыларға адам саудасының белгілерін қалай тануға болатыны, қылмыскерлердің қандай тәсілдерді қолданатыны және көмекке қайда жүгіну қажет екені түсіндірілді. Ал бүгінгі шара барысында адам саудасына қатысты заңнамалар мен жауапкершілік мәселелері кеңінен таныстырылды, – деді Медет Қалиолда.
Ал облыстық жастар орталығының директоры Айдос Әділбеков жастардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Профилактикалық жұмыстарды жастар арасында кеңінен жүргізу өте маңызды. Әсіресе жаз мезгілінде көптеген жас пен кәмелетке толмаған жасөспірім еңбек шартынсыз жұмысқа орналасады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әр аудандағы жастар орталықтары жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес береді. Былтыр осы бағытта бізге екі мыңнан астам жас жүгінді. Сонымен қатар шетелге шығатын жастарға да толыққанды ақпарат ұсынамыз. Болашақта жастар көп қолданатын әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деп санаймын. Жас мамандар, студенттер мен оқушылар еңбек қатынастарын заң аясында рәсімдеп, өз құқықтарын қорғай алуға тиіс, – деді ол.
Мамандар қауіпсіз жұмысқа орналасу үшін еңбек шартын міндетті түрде жасауға, күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеуге, жұмыс беруші туралы ақпаратты алдын ала тексеруге және шетелге шығар алдында ресми ақпарат көздерінен кеңес алуға шақырады.
Мемлекеттік органдардың пікірінше, адам саудасына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет, азаматтық қоғам және әрбір тұрғын бірлесіп әрекет еткенде ғана адамның ар-намысы, бостандығы және қауіпсіз өмір сүру құқығы тиімді қорғалады.




