Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, өңірде 17 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оның ішінде жеті тауарлы-сүт фермасы және он бордақылау алаңы бар.
Жиын барысында инвестициялық жобаларға ветеринариялық көмек көрсетіп, малды емдеу мен вакцинациялау мәселесіне ерекше көңіл бөлу ұсынылды.
Алдын ала қандай препараттармен, қандай мерзімдерде және қандай схемалар бойынша ветеринариялық қауіпсіздік қамтамасыз етілетіні нақты айқындалуы қажет. Сонымен қатар аудандардың табиғи ерекшеліктерін де ескеру маңызды. Себебі малды жайылымға шығару мерзімі әр жерде әртүрлі, бұл вакцинация кестесіне және ветеринариялық препараттарды жеткізу уақытына тікелей әсер етеді, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ аймақ басшысы инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге жауапкершілік тек жауапты басқармаға ғана емес, қала және аудан әкімдіктеріне де жүктелетінін атап өтті. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуде, оның ішінде бордақылау алаңдарына тіркеу нөмірлерін алуда жедел көмектесіп, толық әкімшілік қолдау көрсетуге тиіс.
Жиында «Ауыл Аманаты» бағдарламасына байланысты жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
ШҚО әкімі мемлекеттік субсидиялар есебінен сатып алынған мал басына қатаң бақылау орнатылуы тиіс екенін ерекше ескертті. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары облыстың барлық аудандарына барып, субсидияланған мал кемінде екі жыл бойы сақталып, мақсатты түрде пайдаланылуы қажеттігін түсіндіруге тиіс.
Тексеру барысында бірқатар мәселе анықталды. Кейбір шаруашылықтарда малға тиісті күтім жасалмаған, ал жекелеген жағдайларда етке өткізілген болуы мүмкін. Мұндай фактілер анықталған жағдайда берілген мемлекеттік субсидиялар бюджетке қайтарылуға тиіс.
Облыс әкімі агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау жалғасатынын, алайда ол формальды сипатта емес, саланың нақты дамуына бағытталуы тиіс екенін жеткізді.




