Еліміздегі жас ауыр атлеттер кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау үшін Шығыстың бас шаһарына жиналды. Бүгін «Олимпец» спорт кешенінде ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасы жеке-командалық чемпионатының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Жарысқа еліміздің 18 өңірінен 250-ге жуық спортшы қатысып жатыр.

Тартысты доданың ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Өңір басшысы мұндай жарыстардың жастар спортын дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Ең бірінші байлық – денсаулық. Ал, денсаулықтың кепілі – спорт. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Шығыс Қазақстанда қазір 1 628 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. 313 мыңнан астам өңір тұрғыны, яғни халықтың 45 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде ауыр атлетиканың орны бөлек. Бұл спорт түрімен 16 жаттықтырушының жетекшілігімен 400-ге жуық спортшы шұғылданады.Бүгінгі сайысқа қатысушылар болашақта әлемдік додаларда, олимпиадада көк байрағымызды желбіреді деген үміттемін, — деді аймақ басшысы.

Бүгін басталған байрақты бәсекеде шәкірттерін додаға қосқандар қатарында әлем чемпионаты мен Азия ойындарында топ жарған, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Алмас Өтешов те бар. Сыр өңірінің намысын қорғайтын команда чемпионаттың алтынынан үмітті.
Дайындығымыз жаман емес. Шәкірттерімізге үлкен үміт артып отырмыз. Жалпы Қызылорданың ауыл атлеттері еліміздегі үздіктердің бірі деп айта аламын. Осы чемпионатта да бақ пен бап қатар шапса жеңіс тұғырынан көрінеміз деген үміт бар, — деді жаттықтырушы.
27 сәуірге дейін жалғасатын додада еліміздің ең мықты жас атлеттері анықталады.




