Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды экологиялық жұмыстар атқарылды. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатуысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, былтыр өңірде аумақтарды тазалау мен тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. Жыл бойы өткен тазалық акцияларына 150 мыңнан астам адам қатысып, 1600 гектар жер қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде 3,8 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.
Көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Өңірлік жоспар аясында елді мекендерде 138 мың, орман қоры аумағында 15,9 миллион көшет егілді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың айтуынша, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.
Балабақшалар мен мектептерде өткен жобаларға, байқауларға, форумдар мен сынып сағаттарына 33 мыңнан астам оқушы қатысқан. Сондай-ақ сенбіліктер мен көгалдандыру шараларына 3 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды, – деді ол.
2026 жылға жаңа бастамалар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, мектепке дейінгі балаларға арналған экологиялық тәрбие бағдарламасы бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру, «Жасыл мектеп» жобасын енгізу, экологиялық бейнероликтер мен фильмдер шығару, сондай-ақ «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» байқауларын өткізу көзделген.
Сонымен қатар былтыр @TazaQazBot платформасы арқылы бір жылда тұрғындардан 400-ден астам өтініш келіп түскен. Олар қоқыс шығару, жол жөндеу және аумақтарды тазалау мәселелеріне қатысты болған. Жауапты мекемелер барлық өтініштер бойынша дер кезінде шара қабылдаған.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің тазалығын сақтау жұмыстары бір реттік науқанмен шектелмеуге тиіс екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы – бір жылдық акция емес. Бұл – әсіресе жас ұрпақтың күнделікті өмір салтына айналуы керек тұрақты жұмыс. Облысымыздың табиғаты бай, жері құнарлы. Сондықтан көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруға толық мүмкіндік бар, – деді аймақ басшысы.




