«Таза Қазақстан» экоакциясының кезекті науқаны Шығыс өңірінде кең көлемде ұйымдастырылды. 25 сәуірде Кенді Алтай жұрты жалпыұлттық бастамаға жаппай қатысып, 100 мыңнан астам адам тазалыққа үлес қосты, деп хабарлайды F16.kz.
ӨСКЕМЕНДЕ 55 МЫҢ АДАМ СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
Бұл күні облыс орталығында мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кәсіпорын жұмысшылары, шағын және орта бизнес өкілдері, еріктілер, студенттер, қарапайым тұрғындар бәрі сенбілікке шықты. Олар қаланы қоқыстан тазартып қана қоймай, ағаш егіп, көгалдандыруға атсалысты. Өскеменде жалпықалалық акцияға 55 мыңнан астам адам жұмылды. Бір уақытта 180 гектар аумақ тазартылып, жүздеген ағаш отырғызылды.
Ертіс өзені жағалауындағы амфитеатр маңында 150 түп көшет егілді. Аталған бастамаға еріктілер, Amanat партиясының жастар қанаты, кәсіпорын қызметкерлері, студенттер, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ қала әкімі Алмат Ақышов қатысты.
Біз шырша, шетен, шие ағаштарын отырғызып жатырмыз. Бұл жай ғана акция емес, экологияға деген нақты қамқорлық. Қай жерге қандай ағаш егу керектігін дұрыс анықтап, олардың өсіп-өнуі үшін барлық жағдайды жасау маңызды. Мұның бәрі сүйікті қаламыздың көркеюі, көріктенуі үшін істеліп жатыр.
Жалпы, Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы әр адамның өзінен, ауласынан басталады. Әркім өзінің ауласын, саяжайын таза ұстап, экологиялық мәдениетті сақтай білсе, осының өзі үлкен жетістік. Бізге жеткен ақпарат бойынша, бүгінгі экологиялық акцияға қалада 55 мыңнан астам адам қатысты, – деді Алмат Ақышов.
Сонымен қатар қалада арнайы дендроплан әзірленіп жатқанын айта кету керек. Бұл жоспар аясында әрбір ағаш есепке алынып, жеке нөмір беріледі. Яғни, олар қаланың мүлкі ретінде тіркеліп, табиғатқа зиян келтіргендер жауапқа тартылады.

«Ауыл» партиясының облыстық филиалы мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ұйымының өкілдері мұрындық болған сенбілік аясында студенттер қалашығының аумағы қоқыстан тазартылды. Бұл маңда қаладағы екі бірдей іргелі жоғары оқу орнының ғимараттары орналасқан. Ұйымдастырушылар бастаған белсенді топ, жастар мен студенттер Комендантка аңғарын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ағаштарды ретке келтірді.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясы Шығыс өңірінде кең ауқымда іске асырылып келеді. Оған облыстың әрбір тұрғыны белсенді қатысуда. Біздің партияның мүшелері де бұл ортақ істен шет қалмай, апта сайын сенбілікке шығып жүр. Бүгін біз студенттер қалашағы орналасқан аумақтағы Комендантка өзені аңғарып тазарттық. Қыстан кейін бірақ қоқыс жиналып қалыпты. Бірнеше ондаған қап қалдық жиналды. Бос бөтелке, пластик ыдыс, целлофан пакет, қағаз және басқа да зарттар бар. Бір қуантарлығы, игі бастамаға жастарымыз өз еркімен қатысып, туған қаласын көріктендіруге, таза ұстауға ынта білдіріп жатыр. Экологиялық акция осымен аяқталмайды, мамырдың соңына дейін жалғасады, – деді «Ауыл» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы аппаратының жетекшісі Ермек Иманғазинов.
Бұл күні қаладағы «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК», «КЭМОНТ», «Өскемен арматура зауыты», «Машзавод», «Востокцветмет» – «KAZ Minerals», «Конденсатор зауыты», «Силумин-Восток» және басқа да кәсіпорындар, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, ҚАЕУ қатарлы жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер, мемлекеттік мекемелер, шағын және орта бизнес нысандары сенбілік өткізді.

БІР КҮНДІК СЕНБІЛІК ЕМЕС, ҰЗАҚМЕРЗІМДІ СТРАТЕГИЯ
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік сенбілік шеңберінен шығып, ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды деуге толық негіз бар. Өңірдің қала-аудандарында ондаған мың тұрғынның қатысуымен жүргізіліп жатқан жұмыстар қоршаған ортаға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартады.
Риддер шаһарында жалпыұлттық акцияға 11 мыңға жуық адам, 15 техника жұмылдырылып, 1,5 мың түп ағаш отырғызылды. Жалпы ауданы 120 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, бұлақтардың көзі аршылды.
Сондай-ақ Күршім, Марқакөл, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Самар, Глубокое, Алтай, Ұлан, Шемонайха аудандарында тазалық акциясына тұрғындар белсенді қатысты. Айталық, Зайсан ауданында су көздерін қалпына келтіруге және ағаш отырғызуға, оның ішінде жеміс көшеттеріне басымдық берілді. Атап айтқанда, 2 мың түп жеміс ағашы егіліп, 2,5 мың гектар аумақ қоқыстан тазартылды. Бұлақ көздері аршылып, арнасы ретке келтірілді.
Алайда мұндай бастамалардың тиімділігі тек сандық көрсеткіштермен шектелмейді. Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – егілген ағаштардың күтімі мен тазартылған аумақтардың тұрақты түрде бақылауда болуы. Егер бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасын тапса, алға қойған міндеттің орындалғаны.

Алтай қаласында көгалдандыру мен абаттандыруға басымдық берілді. Ортақ іске осы аудан аумағында орналасқан «Казцинк», «Тепловодоцентраль» сынды кәсіпорындар жұмысшыларының жұмылуы акцияның ауқымын кеңейтіп, мазмұнын арттыра түсті. Бұл, әрине бизнес құрылымдардың экологиялық жауапкершілігі артып келе жатқанын көрсетеді.
Алтай ауданы бойынша «Таза Қазақстан» бастамасына 5 мыңнан астам адам қатысты. Мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын ұжымдары, кәсіпкерлер мен еріктілердің бір алаңда тоғысуы өңірде экологиялық мәселелерді шешудің тиімді моделі қалыптасып келе жатқанын анық аңғартады.
Бұл тазалық шарасы өте маңызды деп санаймын. Қаланың тазалығы осында тұрып жатқан әрқайсымызға байланысты. Адамдардың отбасымен бірге сенбілікке шығып, пайдалы іспен айналысқанын көру көңілге қуаныш сыйлайды. Жалпы, балалардың бойына бала кезінен экологиялық сауаттылықты сіңіру өте маңызды. Бүгін мен балаларыммен бірге сенбілікке шықтым. Мұндай іс-шаралар адамдарды біріктіреді және оларға тазалық әрқайсымыздан басталатынын түсінуге көмектеседі, — дейді Алтай қаласының тұрғыны Әлия Қасымова.

Ұлан ауданында экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікке 1500 адам қатысты. Аудан бойынша мыңнан астам ағаш отырғызылып, бұл игі іс өңірдің көгалдануына және экологиялық мәдениеттің қалыптасуына зор үлес қосты. Аталған акцияға еңбек ұжымдары, жастар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және аудан тұрғындары жұмыла атсалысты. Қатысушылар аумақтарды тазалап, аулалар мен қоғамдық орындарды ретке келтірді.
«Еліміздің болашағы – жастардың қолында» дейді. Біз Айыртау ауылының жастары бүгін жұдырықтай жұмылып, сенбілікке шықтық. Тазалық акциясы аясында ауылымызды қоқыстан тазартып, жас шыбықтар отырғыздық. Болашақта да туған жеріміздің көркеюіне, өсіп-өркендеуіне үлес қоса береміз, – деді жас ұстаз Болат Емшібай
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, әр азамат Болат сияқты туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып, жауапкершілік танытса, Ұлан ауданы одан әрі ажарлана түсері сөзсіз. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете беретініне сенім мол.
«Таза Қазақстан» жобасы қоғамның әртүрлі топтарын – мемлекеттік органдарды, бизнесті және қарапайым тұрғындарды біріктіріп отыр. Бұл өз кезегінде экологиялық жауапкершіліктің тек міндет емес, қоғамдық құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Шығыс Қазақстандағы бұл бастама экология саласындағы жаңа мәдениетті қалыптастыруға негіз болды. Егер мұндай қарқын сақталса, «Таза Қазақстан» тек акция ретінде емес, елдің тұрақты дамуына ықпал ететін ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламаға айналуы сөзсіз.




