Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Мобайл Телеком-Сервис компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды F16.kz.
Құжат өңірдің телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Тараптар байланыс ауқымын кеңейту, базалық станцияларды салу және жаңғырту, 4G, 5G технологияларын енгізу, ауылдарда және шекара маңындағы елді мекендерде «ақ дақтарды» жүйелі түрде жоюды жоспарлап отыр.
Аймақ басшысы туристік аймақтар мен жаңа тұрғын аймақтарын интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Өз кезегінде ШҚО әкімдігі жобаларды жер учаскелерін беру және инженерлік инфрақұрылымға қосу бойынша жан-жақты қолдауға дайын.
Кездесуде облыс әкімі Өскемен, Алтай, Риддер қалалары мен Шемонаиха, Зайсан аудандарында көпфункциялы тіректер орнатуды, маусым айының соңына дейін антенна-діңгек құрылыстарын электр тарту мүмкіндіктерін қарастыру сияқты бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірдегі туристік аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл тапсырмалардың орындалуын бақылау бейінді құрылымдарға жүктелді.




