Жылу беру маусымы басталғалы ШҚО ТЖД қызметкерлері оқыс жағдайлардың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі бойынша тексерісті күшейтті. Рейд барысында жеке тұрғын үйлердегі пештің, мұржаның және электр жүйелерінің жай-күйі тексеріледі, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде құтқарушылар 7000-ға жуық үйді араланып, 9000-нан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
55 жиын ұйымдастырылып, оған 1200-ден астам адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да сақтық шаралары туралы ақпарат таратуды қолға алдық. Сондай-ақ көпбалалы отбасылардың, жалғыз тұратын қарт адамдардың және қозғалу мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлерін басты назарға алынып, 940-қа жуық датчик орнатылды, — дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
ШҚО ТЖД тілсіз жау мен оқыс оқиғалардың алдын алу үшін төмендегідей кеңестер ұсынады:
— Үйден шығар кезде электр құрылғыларын қосулы күйінде қалдырмаңыз;
— Тек жарамды, ақауы жоқ электр құрылғылары мен жылыту жабдықтарын ғана қолданыңыз;
— Пеште жарықтар немесе мұржаның бітеліп қалмауын қадағалаңыз;
— Үй-жайдың дұрыс желдетілуін қамтамасыз етіңіз;
— Пеш қақпақтарын тексеріңіз, егер оларда техникалық талаптарға сай арнайы саңылаулар болмаса, толық жауып тастамаңыз;
— Жылыту жабдықтары мен жанғыш құрылымдар арасында қажетті қауіпсіздік арақашықтығын сақтаңыз;
— Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз.




