Бүгінде ауыл мен қала мектептері арасындадағы теңсіздікті жою мақсатында Шығыста сегіз тірек мектеп жұмыс істеп тұр. Биыл бұл тізімге тағы екі білім ордасы қосылады, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстанның әр ауданында есігін айқара ашқан бұл мектептер «Қазақстан халқына» қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында жүзеге асырылған.
Айта кетейік, жобаға енген мектептер тек замануи жабдықтармен қамтамасыз етіліп қоймай, мұғалімдері біліктілігін арттырып, Назарбаев зияткерлік мектептері және оның орталықтарынан үш жылдық оқыту бағдарламасынан өтеді.
Еліміз бойынша 17 өңірде 135 ауылдық тірек мектеп құрылды. Біздің қор тарапынан осы мақсатта 33 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан сегіз тірек мектеп бар. Әр мектепте шамамен 250 млн теңгеге 30-35 кабинет жарақтандырылды. Бұл жобаға бізден бөлек, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Назарбаев зияткерлік мектептері мен жергілікті әкімдік қолдау көрсетеді, — деді “Қазақстан халқына” қорының аға жоба менеджері Динара Нұрқасымова.
Шығыста ашылған тірек мектептердің бірі – Бозанбай орта мектебі. Білім ордасына былтыр жергілкті бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, қор тарапынан кабинеттердің материалдық-техникалық базасы жаңартылған.
Мектепте 26 оқу кабениеті бар, барлығы жаңа жиһазбен, оқу құралдармен және мұғалімнің жеке зонасымен қамтамасыз етілді. Ауылдық жердің оқушылары осындай жағдайда, қала мектептерінен де артық білім ордасында оқып жатқаны бізді қуантады. Балалардың қызығушылығына қарай қосымша білім беру жұмыстарына да көңіл бөлінді. Атап айтқанда, онлайн сабақ түсіруге немесе журналистикаға қабілеті бар балаларға арналған арнайы студия, роботты техника, STEM-зертханалар, арт-студия, музыкалық аспаптар, тігін шеберханасы жұмыс істеп тұр, — деп атап өтті Бозанбай орта мектебінің директоры Ардақ Бұқатова.
Айта кетейік, биыл аталмыш білім беру мекемесі Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің тізіміне кірген.
Биыл жоба Шығыс Қазақстан облысының тағы екі тірек мектебінде жалғасады. Атап айтқанда, Алтай ауданы, Серебрянка қаласының №1 Инюшин атындағы орта мектебі мен Ы.Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебі 500 миллион теңгеге жабдықталмақ.




