Шығыс Қазақстан облысында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Сондай жобаның бірі Шемонаиха ауданының Березовка ауылында жүзеге асырылды, деп хабарлайды F16.kz.
«СервисТехЦентр» ЖШС мердігер компания жүргізген құрылыс барысында ауыл ішінде 9,6 шақырым су құбыры тартылып, 39 құдық орнатылды, екі су резервуары мен 1-ші және 2-ші көтерілімге арналған насос станциялары орнатылды. Ауызсу жүйесінің негізгі жұмыстары 100 пайыз аяқталып, Березовка тұрғындарына тұрақты әрі сапалы су берілді. Қазір жобаны толық аяқтау үшін көшелерге бейнебақылау камераларын орнату және «БЭСК» АҚ-дан электр желілерін тұрақты қосуға рұқсат алу шаралары жүргізіліп жатыр.
Су желісінің құрылысы партияның және депутаттардың бақылауында болып, сапалы жүзеге асырылды. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыстар жалғасады, – деді Amanat партиясы Шемонаиха аудандық филиалының төрағасы Анастасия Тиц.
Бұл жобаның орындалу барысы Amanat партиясы және мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында болды. Құрылыс кезең-кезеңімен қадағаланып, нәтижесінде жұмыс сапалы әрі уақтылы атқарылды.
Бұл жоба біздің көптен күткен мәселемізді шешті. Әр үйге тұрақты әрі сапалы су келіп тұрғанына қуаныштымыз. Ауылдың тұрмысы едәуір жақсарды, – деді Березовка ауылының тұрғыны Ирина Бесчетнова.




