Білім беру саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттен кейін С.Аманжолов атындағы ШҚУ проректоры тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Бірақ оған нақты қандай жаза берілгені туралы ақпарат жарияланған жоқ. Аудит барысында орта білімді дамытуға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы тексерілген. Нәтижесінде педагогтерді даярлау мен жұмысқа орналастыру, оқу процесін әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету және мемлекеттік реттеу бағыттарында бірқатар заңбұзушылық анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты министрлік пен оған қарасты ұйымдарға кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берілген.
Аудит биыл ақпанда жүргізілген. Қараша айында тиісті шара қабылданғаны хабарланды. Нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігі комитеттері төрағаларының орынбасарлары, бірнеше жоғары оқу орнының ректорлары мен проректорлары, соның ішінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы да тәртіптік жазаға тартылған. Сондай-ақ Ұлттық білім академиясы мен «Дарын» орталығының қызметкерлері де жазадан тыс қалған жоқ.




