Биыл ШҚО-да майлы және жармалық дақылдар тұқымын өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы басталады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында салынатын жаңа зауыт мемлекеттік инвестициялық жоба аясында жүзеге асырылмақ.
Жоғары технологиялық жаңа кешен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін Солтүстік пен Шығыс Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген, сапалы әрі бәсекеге қабілетті соя тұқымымен және күнбағыстың будандарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тәжірибе станциясы жоғары өнімді, ерте және тез пісетін соя сорттары мен күнбағыс будандарын шығару бағытында жүйелі түрде селекциялық-тұқым шаруашылығы жұмыстарын жүргізіп келеді.
Кәсіпорын элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие және күнбағыс, соя, жаздық және күздік бидай, мал азықтық дақылдар сорттары мен будандарын шығарушы саналады, — делінген министрлік хабарламасында.
Жоба аясында тұқымдық материалдарды 95–99%-ға дейін тазартатын заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен толық қамтылған цифрлық кешен құру қарастырылған. Онда тұқымдар бөлу, тазалау, өңдеу, дәрілеу және қаптау кезеңдерінен өтеді. Тұтынушыларға отандық және халықаралық сапа талаптарына сай, егіске дайын сертификатталған тұқым материалы ұсынылады.
Зауыттың жармалық тауарлы дақылдар бойынша өндірістік қуаттылығы сағатына 40 тонна, ал күнбағыс бойынша сағатына 20 тонна болады. Тұқымдық режимде өнімділік жармалық дақылдар бойынша сағатына 20 тоннаға, күнбағыс бойынша сағатына 5 тоннаға дейін жетеді.




