Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімін беруден негізсіз бас тартқан, деп хабарлайды F16.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ержан Айқымбековтің айтуынша, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін ала алмаған азаматтар ведомствоға шағым түсірген. Соған сәйкес тексеру жүргізіліп, мамандар уәкілетті органның өрескел бұзушылыққа барғанын анықтады.
Жер кодексінің 44-1-бабы 4-тармағына сәйкес, сәулет бөлімі жеті жұмыс күні ішінде қажетті құжаттар топтамасын дайындауға және мемлекеттік корпорацияны қоса алғанда, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілеріне келісуге жіберуге міндетті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сұралған жер учаскесінің бос немесе бос еместігі туралы ақпаратты тек мемлекеттік корпорация ғана беретінін атап өту маңызды.
Алайда бұл жағдайда сәулет бөлімінің лауазымды тұлғалары өрескел бұзушылыққа жол беріп, мемлекеттік корпорациядан қорытынды алмай, жер телімі бос емес деп көрсеткен. Шын мәнінде, мемлекеттік корпорацияның ресми қорытындысына сәйкес, бұл учаскелер бос болған және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілуі мүмкін.
Департамент мамандарының жедел әрекет етуінің арқасында бес қызмет алушының құқығы қорғалды. Оларға жер учаскелерін таңдаудың түпкілікті актілері берілді және заңнамаға сәйкес учаскелерді рәсімдеуге мүмкіндік алды. Кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, тиімді мемлекеттік бақылау бұзушылықтарды уақтылы жоюға, алдын алуға және ең бастысы азаматтардың жалпы мемлекетке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
2025 жылдың басынан бері департамент 45 қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Бұл тұрақты мониторингтің, өтініштерді талдаудың, сондай-ақ мемлекеттік органдармен белсенді өзара іс-қимылдың арқасында мүмкін болды.




