Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңеске қатысты. Жиында ел өңірлерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы талқыланды, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысында үш жылу электр орталығының дайындық деңгейі 96%-ды құрайды. 737 шақырым электр желісінде күрделі жөндеу толық аяқталды, жылу желілерінің дайындығы — 98%. Сумен жабдықтау және су бұру желілері, автономды қазандықтар мен бюджеттік сала нысандары 100% дайын.
Облыс басшылығы Риддер жылу элетр орталығына ерекше назар аударып отыр. Мұнда қазір №5 қазандықты жөндеу аяқталып, №6 қазандықтың дайындығы 90%-ға жетті. Ондағы жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал жылу желілерінің жөндеу жұмыстары 98%-ға орындалды.
Барлық жұмысты толық аяқтағанға дейін қарқынды төмендетпеу керек. Жауапты мамандарға Серебрянск және Жаңа Бұқтырма елді мекендеріндегі нысандардың дайындығын жеке тексеру, жылу желілерінің жағдайын бақылау және көмір жеткізілімін назарда ұстауды тапсырамын. Денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік қорғау басқармалары да жылумен тұрақты қамтамасыз етіліп, жылыту маусымын іркіліссіз өткізуге тиіс, — деді облыс әкімі.
Тұрғындар мен жылу көздеріне көмір жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде коммуналдық-тұрмыстық секторға 354,2 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл жалпы қажеттіліктің 72,3%-ын құрайды. Тағы 15 мың тонна көмір ШҚО-ның теміржол тұйықтарында тұр.
Жылыту маусымына дайындық өңір басшылығының ерекше бақылауында.




