Жыл басынан бері өңір экономикасы 1,2%-ға төмендеген. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада жетінші орында тұр, деп хабарлайды F16.kz.
Биыл қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан еліміздің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсуіне кері әсер еткен үш өңірдің қатарына енді. Ал ел экономикасы тұтастай алғанда 4,1%-ға өскен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, облыстың бірінші жартыжылдықтағы жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі 2,6 трлн теңгені құрайды. Алайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖӨӨ-нің нақты көлем индексі 98,8%-ды көрсеткен. Бұл өңір экономикасының нақты көлемі 1,2%-ға төмендегенін білдіреді.
Дәл осындай теріс көрсеткіш Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында да тіркелді.
Ал жалпы өңірлік өнім өсімінің ең жоғары қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп, көрсеткіш 12,9%-ға артқан. Сондай-ақ Жамбыл облысында өсім 11,7%-ды, ал Ұлытау облысында 11,4%-ды құрады.
ШҚО-ның Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі 3,6%. Ал бірінші жартыжылдықта жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 млн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында жетінші орынға тұрақтады.




