Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО білім басқармасына қарасты «Өңірлік психологиялық қолдау және көмек көрсету орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Лилия Куземко мәлімдеді.
– Психологтардың жүргізген сауалнамаларының нәтижесінде 168 бала тәуекел аймағында екені анықталды. Барлығына психологиялық көмек көрсетіліп, ата-аналардың келісімімен түзету жұмыстары жүргізілді. Жазғы кезеңде барлық балаға жетекшілер мен психологтар бекітіліп, сүйемелдеу ұйымдастырылды. Баланың отбасындағы, қоғамдағы жағдайы мен психологиялық ахуалы зерделенуде, — деді Лилия Куземко.
Оның айтуынша, балаларға психологиялық диагностика ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі. Алайда ата-аналардың шамамен 11 пайызы келісім беруден бас тартады. Дегенмен барлық диагностика қауіпсіз әрі баланың психологиялық жағдайына әсер ететін зорлық-зомбылық, жанжалдар және өзге де жағымсыз жағдайлардың белгілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.




