14 наурыз — Көрісу күнін өскемендіктер ерекше қуанышпен, сән-салтанатпен атап өтіп жатыр. Наурызнаманың алғашқы күні облыс орталығында баспанаға мұқтаж бірнеше отбасына жаңа пәтердің кілттері табыс етілді, деп хабарлайды F16.kz.
Жаңа баспанаға ие болғандар — тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар. Сондай-ақ қоныс иелерінің арасында бес дәрігер де бар. Барлығы 20 жаңа пәтердің кілтін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов табыстады. Облыс әкімі жаңа баспана иелерін қос қуанышпен құттықтап, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту. Осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз – 20 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Үйлеріңізде әрдайым береке-бірлік орнап, шаңырақтарыңыздан шаттық пен балалардың шат күлкісі үзілмесін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ өңір басшысы алдағы уақытта тағы 100-ден астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізетінін айтты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. 2030 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес, Өскемен халқы 500 мың адамға дейін жетеді деген болжам бар. Осыған байланысты баспанаға сұраныс арта түспек.
Биыл Шығыс Қазақстанда 410 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3 мыңнан астам жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Құрылыстың негізгі үлесі жалпы ауданы 318 мың шаршы метрге тең 47 көпқабатты тұрғын үйге тиесілі болады. Сонымен қатар, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы мен жеке тұрғын үй құрылысы да жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр өңірде 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.




