Шығыс Қазақстан облысында ауыл туризмі қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта туристерді жергілікті тұрғындардың үйлерінде қабылдауға мүмкіндік беретін iCaravan платформасының үлесі зор. Жоба саяхатшыларға қазақ ауылының тыныс-тіршілігін жақыннан танып, ұлттық дәстүр мен табиғи ерекшеліктерді өз көзімен көруге жол ашады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда бастамаға өңірдің 30 отбасы қосылған. Олар бір мезетте 250-ден астам туристі қабылдай алады. Жобаға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді, бұл ауыл тұрғындарының жаңа мүмкіндіктерге қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
iCaravan платформасының басты ерекшелігі – туристердің қонақүйлерде емес, жергілікті тұрғындардың үйлерінде орналасуы. Үй иелері қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынып, қазақ халқының салт-дәстүрін таныстырады, өңірдің көрікті жерлерін аралатып, ауыл өмірінің өзіндік ерекшеліктерімен бөліседі. Мұндай формат саяхатшыларға Қазақстанның шынайы тұрмысын сезінуге мүмкіндік берсе, ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналып отыр.

Жоба аясында Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сұлтанбек Сыздықов қолдау көрсетіп, ауданның туристік мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға атсалысып келеді.
Платформаның негізін қалаушы Талғат Әлидің айтуынша, жоба арқылы саяхатшылар Қазақстанның мыңдаған ауылын аралап, олардың бірегей табиғи және мәдени мұрасымен таныса алады.
«Катонқарағайдың бүгінгі тәжірибесі ауыл туризмінің жергілікті халыққа нақты пайда әкеліп, өңірдің шетелдік және отандық туристер үшін тартымдылығын арттыра алатынын көрсетіп отыр», – деді Талғат Әли.
Платформа әзірлеушілері Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын жобаға белсенді қатысуға шақырады. Егер үйіңізде туристерді қабылдауға мүмкіндік болса, iCaravan платформасында тіркеліп, қонақтарды қабылдау арқылы қосымша табыс табуға болады.
Ал саяхатшылар үшін қызметті пайдалану өте қарапайым. Ол үшін iCaravan мобильді қосымшасын жүктеп, өзіне ұнаған үйді таңдап, брондау жөнінде өтінім беру жеткілікті.
Осылайша, iCaravan платформасы ауыл туризмін дамытуға тың серпін беріп, өңір тұрғындарына жаңа экономикалық мүмкіндік ұсынып қана қоймай, туристерге Шығыс Қазақстанның әсем табиғатын, қазақ халқының қонақжайлығы мен бай мәдениетін жақыннан тануға жол ашып отыр.





