Екінші дүниежүзілік соғыста қан кешкен майдангерлер қатары жылдан-жылға сиреп барады. Соңғы ресми дерек бойынша елімізде Ұлы Отан соғысының 57 ардагері қалған. Оның алтауы Шығыс Қазақстанда тұрады, хабарлайды F16.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы мамыр айында елде небары 57 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Олардың ішінде 43-і соғыс ардагері болса, 14-і мүгедектігі бар соғыс ардагері. Майдангерлердің орташа жасы – 101 жас. Ең үлкені – 105 жаста.
Өңірлерде:
- Алматы қаласы — 14 ардагер;
- ШҚО, БҚО және Қарағанды облыстары — 6 адамнан;
- Алматы, Қостанай, Павлодар облыстары — 4 адамнан;
- Жамбыл, Түркістан облыстары — 3 адамнан;
- Астана қаласы мен қалған облыстарда — 1 адамнан.
Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, биыл да майдангерлерге жылдағы дәстүрге сай лайықты құрмет көрсетіледі.
Қазір өңірімізде Ұлы Отан соғысының алты ардагері тұрады. Бұл бір жағынан біз үшін мақтаныш болса, бір жағынан үлкен жауапкершілік. Олардың әрқайсына жеке назар аударылып, әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен қатар облыста 3384 тыл еңбеккері бар. Олардың барлығы қала-аудан әкімдіктеріне бекітілген, ешқайсы назардан тыс қалмайды, – деді басқарма басшысы.
БІРЖОЛҒЫ ТӨЛЕМ – 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ
Биыл соғыс ардагерлеріне біржолғы көмек көрсетуге бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен әрбір майдангерге 5 млн теңгеден (11 100 АҚШ доллары) бір реттік төлем қарастырылды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ең жоғары әлеуметтік қолдау көрсетіп отырған мемлекеттердің көшін бастап тұр.
Салыстырмалы түрде алсақ, көршілес елдердегі жағдай төмендегідей:
- Өзбекстан: ардагерлерге 4,4–4,5 миллион теңге (10 000 долларға жуық) көлемінде көмек береді.
- Беларусь: Төлем мөлшері 715 000 – 825 000 теңге ($1 590–1 830) аралығында.
- Ресей: федералдық базалық төлем шамамен 55 000 теңге ($122) мөлшерінде. Аймақтық үстемеақыларды қосқанда бұл сома 440 000 теңгеге ($978) дейін баруы мүмкін.
- Украина: төлемдер санатына қарай 11 000-нан 60 500 теңгеге ($25–135) дейін жетеді.
Мамандардың пікірінше, төлемдердің айырмашылығы әр мемлекеттің экономикалық мүмкіндігіне және көзі тірі ардагерлердің санына тікелей байланысты.
Қазақстанда ардагерлер қаржылай көмектен бөлек арнайы кешенді қолдау жүйесі сақталған:
- медицина: Астана мен Алматыдағы арнайы госпитальдерде емделу, шипажайға тегін жолдама;
- тұрмыстық көмек: өңірлік деңгейде үй жөндеу, отынмен қамту, тегін жол жүру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- салық: жергілікті және тұрғын үй салықтары бойынша жеңілдіктер.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ардагерлер саны азайған сайын мемлекеттік көмек көлемі мен оның атаулылығы (адрестілігі) арта түспек. Жыл басынан бері ардагерлерге жалпы сомасы 1,5 млрд теңге жәрдемақы төленген.




