Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры сахнасында Шығыс Қазақстан облыстық оперетта театры көрермен назарына әлемге әйгілі «Mamma Mia!» мюзиклін ұсынды. Бұл – Қазақстан театр өнері тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі, өйткені мұндай ауқымды әрі халықаралық деңгейдегі қойылымды алғаш рет өңірлік театр сахналады, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл гастрольдік сапар жас ұжымның әлеуетін айқын көрсетті. Құрылғанына небары екі жыл болған театр қысқа мерзім ішінде кәсіби тұрғыда айтарлықтай өсіп, шығармашылық ізденісі мен батыл репертуарлық таңдауы арқылы ерекшеленіп үлгерді. Елорда төрінде өнер көрсету – шығармашылық ұжым үшін үлкен сынақ әрі жаңа белес және олар бұл міндетті жоғары деңгейде еңсерді.
Қойылымның ерекшелігі – оның жанрлық көпқырлылығында. Музыка, драма, би және актерлік шеберлік үйлесім тапқан спектакль көрерменге тұтас бір музыкалық-театрлық шоу түрінде ұсынылды. Сахнада бір мезетте театрдың жетекші солистері, академиялық хор, кәсіби балет труппасы және симфониялық оркестр өнер көрсетті. Әрбір компоненттің үйлесімді жұмысы спектакльдің көркемдік деңгейін арттыра түсті.
Жанды дауыста орындалған музыкалық партиялар көрерменге ерекше әсер қалдырды. Оркестрдің сүйемелдеуіндегі әйгілі композициялар залға ерекше атмосфера сыйлап, көріністі әсерлі ете түсті. Әсіресе, әртістердің сахнадағы шынайы эмоциясы мен актерлік шеберлігі көптің көңілінен шығып, баурап алды.
Мюзиклдің негізіне шведтің аты аңызға айналған ABBA тобының әлемдік хиттері алынғаны белгілі. Бұл әндер бірнеше буын тыңдарманға жақсы таныс әрі өзіндік тарихы бар. Сол себепті қойылым барысында залдағы жұрт өткен шаққа оралып, өмірінің қызықты сәттерін еске алды. Сүйікті әндерді бірге шырқап, қойылымды зор ықыласпен қабылдады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстандағы өңірлік театрлар үшін жаңа кәсіби межені белгілеп отыр. Мұндай күрделі жанрдағы қойылымды жоғары деңгейде сахналау үлкен шығармашылық және техникалық дайындықты талап етеді. Осы тұрғыда Шығыс Қазақстан облыстық оперетта театры өзін заманауи әрі бәсекеге қабілетті ұжым ретінде көрсете алды.
Астанадағы гастрольдік сапар театр ұжымы үшін ғана емес, жалпы өңір мәдениетіндегі маңызды оқиғаға айналды. Сонымен қатар мұндай бастамалар ел ішіндегі мәдени байланысты нығайтып, көрерменге сапалы туынды ұсынуға жол ашады.
«Mamma Mia!» мюзиклінің елорда сахнасында қойылуы Шығыс Қазақстан облыстық оперетта театрының шығармашылық жолындағы жарқын жетістіктерінің бірі деуге болады.




