Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік салық төлеуші», «Үздік сыртқы экономикалық қызметке қатысушы» атанған лауреаттарды марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Салық төлеушілер бүгінде облыстың ғана емес, ел экономикасының дамуында елеулі рөл атқарады. Оларды ынталандыру мақсатында аталған акция дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
«Үздік салық төлеуші» және «Үздік сыртқы экономикалық қызметке қатысушы» акциясы жыл сайын мемлекеттік кірістер органдарымен әріптестік қатынастарды нығайту және салық төлеушілердің мемлекеттік кірістер органдарына деген ашықтығы мен сенімін арттыру мақсатында өткізіледі. Бүгінде салық төлеушілер, кәсіпкерлер және сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары бүкіл ел экономикасының дамуына зор үлес қосып, азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етуде, — дейді департамент басшысы Саят Бимағамбетов.
Акция қорытындысы бойынша ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бекітілген шарттарына сәйкес, қызметінің ерекшелігі мен таңдалған режиміне байланысты жоғары салық тәртібі мен салық міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауы негізінде облысы бойынша «Үздік салық төлеуші», «Үздік сыртқы экономикалық қызметке қатысушы» атақтарына лайықты 12 лауреат анықталды.
Марапаттау рәсімінен кейін бизнес өкілдерімен бірге 2026 жылдан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіндегі жаңалықтар талқыланды. Департамент басшысы жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, рәсімдердің ашықтығын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті, әсіресе шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталғанын атап өтті.




