Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында ауыл жастарына үлкен мүмкіндік ашылды. Ауданға қарасты Құлынжон ауылында заманауи талаптарға толық сай келетін екі қабатты бірегей спорт кешені пайдалануға беріліп, бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл нысан – ауыл тумасы, белгілі кәсіпкер, Айдын Рахымбаев бастамасымен жүзеге асқан әлеуметтік жоба, деп хабарлайды F16.kz.

Бүгінде жаңа спорт кешені қысқа уақыт ішінде ауыл жастарының бас қосатын орталығына айналып үлгерді. Мұндай деңгейдегі нысан ауданды қойып, облыс көлеміндегі көп ауылда жоқ. Сондықтан Құлынжондағы кешен тек бір ауылдың емес, көршілес елді мекендердің жастары үшін де маңызды спорт алаңы болып отыр.
Кешеннің құрылысы былтыр жыл соңында аяқталған. Ғимараттың сыртқы келбеті заманауи архитектуралық шешімдермен ерекшеленіп, ауыл инфрақұрылымына жаңа серпін берді. Ішкі құрылымы да жоғары талаптарға сай жасалған: мұнда спортпен айналысуға да, түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге де толық мүмкіндік бар.

Екі қабатты нысанның бірінші қабаты көпфункционалды спорт залы ретінде жабдықталған. Мұнда волейбол, футбол, баскетбол секілді командалық ойын түрлерімен айналысуға болады. Сонымен қатар зал мерекелік кештер мен қоғамдық жиындар өткізуге де бейімделген. Арнайы аспалы экран, сапалы музыкалық аппаратура және дыбысты анық естіртетін заманауи құрылғылар орнатылған. 250 адамға арналған электронды жиналмалы орындықтар қойылған.
Бұл – көпфункционалды зал. Мұнда спорт жаттығуларынан бөлек, мәдени іс-шаралар өткізуге де мүмкіндік бар. Барлық техникалық талаптар сақталған. Сондай-ақ келушілерге ыңғайлы болуы үшін киім ауыстыратын бөлмелер мен жуыну кабиналары қарастырылған, – деді «Мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Мирас Қалмағамбетов.
Жалпы аумағы 1000 шаршы метр болатын кешеннің екінші қабатында фитнес және жекпе-жек спорт түрлеріне арналған арнайы залдар орналасқан. Фитнес аймақта заманауи жаттығу құрылғылары – жүгіру жолы, эллиптикалық құрылғылар, велотренажер және шынығуға арналған жабдықтар қойылған. Ал күрес залы ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерімен айналысуға толық бейімделген.

Маңыздысы – бұл спорт кешені тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Мұнда ауданға қарасты ауылдардың жастары арнайы кесте бойынша келіп жаттыға алады. Ұлдар мен қыздарға бөлек уақыт қарастырылған, ал жаттығу процесін тәжірибелі нұсқаушылар бақылап, бағыт-бағдар береді.
Бізге Құлынжоннан ғана емес, көршілес ауылдардан да жастар келіп жүр. Ешқандай шектеу жоқ, барлығы тегін. Күн сайын келушілер саны артып келеді. Негізгі мақсатымыз – ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, – дейді Мирас Қалмағанбетов.

Ауыл тұрғындары үшін мұндай заманауи спорт кешенінің ашылуы – үлкен қуаныш. Себебі бұл нысан тек спортпен шұғылдануға емес, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жобалар ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтуға септігін тигізеді.
Жалпы, Құлынжон ауылындағы бұл бастама – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Осындай игі істердің арқасында ауыл жастарының болашағына жаңа мүмкіндіктер ашылып, олардың жан-жақты дамуына жол жасалуда.




