Шығыс Қазақстан облысында туристік маусымға дайындық басталады. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте аймақ басшысы туристік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, қауіпсіздікті басты назарға алуды тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде облысқа елдің өзге аймақтарынан және шетелден келетін туристер саны артатынын атап өтті.
Туристік нысандардың дайындығына қала және аудан әкімдері жауапты. Жобаларды уақтылы жүзеге асыру ғана емес, тазалық, қауіпсіздік және жайлылық сияқты негізгі талаптар да сақталуы керек, — деді облыс әкімі.
Өңір бойынша басты назарға алынатын туристік орындардың бірі – Самар жағалауы. Алыс-жақыннан туристер көп келетін демалыс орнында электр қуаты жиі болмай қалып, демалыс базаларына қиындық туғызады. Сондықтан электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату, жол бойындағы сервисті дамыту және оларды күтіп-ұстау да бақылауға алынды.
Аз уақыт ішінде туристік аймақтарды ретке келтіруді, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жойып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын дайындау, инфрақұрылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Жолдан бастап қонақтарды орналастыруға дейінгі барлық мәселе жөнге келтірілуі керек, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Су айдындары бар аудандарда муниципалдық жағажайларды дайындау, демалушылардың суда қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалыс орындарына ыңғайлы кіреберіс жолдарды ұйымдастыру қажет.
Мұндай жұмыстар қазір Ұлан ауданындағы Сібе көлдеріне баратын жолда жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ туристік нысандарға апаратын жол белгілерін орнату жұмыстары күшейтіледі. Ал Алтай ауданында су құбыры мен кәріз желілерінің жағдайы қосымша қаралатын болады.
Кеңесте жергілікті медициналық пунктті жүргізушілердің масаң күйде екенін анықтау үшін куәландыру жүргізуге лицензиялау мәселесі де талқыланды.
Егер туризмді дамытқымыз келсе, сапа мен тәртіпті қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл үшін әрбір әкім жауапты, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Өңірдің туристік маусымға дайындығын арнайы комиссия бағалап, нысандарды, қауіпсіздік деңгейін және инфрақұрылым сапасын тексереді. Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдеріне туристік бизнес өкілдерімен кездесу өткізудің маңызын жеткізді. Бұл қонақүйлердегі жағдайды бақылап, тексеруге мүмкіндік береді.




