Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында жергілікті жұрт неше жылдан бері күткен ауызсу желісі әлі іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай құбырлар құрғап жатыр, ал халық өзеннен өзек жалғап отыр. Шекара маңындағы елді мекен тұрғындары біздің редакцияға хабарласып, уәде етілген таза судың әлі берілмегенін айтты.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘН-ЖАЙЫ
Биыл ақпанда «Шекаралық аймақтың проблемасы» жобасын жүргізетін F16.kz тілшілері Катонқарағай ауданына барған. Осы сапарда Топқайың тұрғындары неше жылдан бері тіршілік нәрінен таршылық көріп отырғанын айтып, мұң шақты. Шалғайдағы ағайынның бүгінгі тұрмысы «Катонқарағай мәселелері: ауызсу, интернет пен уақыт» деген тақырыппен әзірленген видеорепортажда жан-жақта айтылды. Сол кезде аудан әкімі Данияр Дүйсембаев: «Былтыр ауыл ішіндегі (Топқайың – ред.) барлық абонеттерге, яғни әр үйдің қоршауына дейін ауызсу құбыры тартылды. 2025 жылы құбыр тарту кезінде бүлінген жолдарды асфальттап, барлық жұмысты аяқтаймыз», – деп уәде берген.
ӘКІМДІКТІҢ ЖАУАБЫ
Сондай-ақ аудан әкімдігі Instagram әлеуметтік желісінде Топқайыңдағы ауызсу мәселесіне қатысты: «Топқайыңдағы су құбырын жүргізу бойынша 2025 жылға 77 млн бөлінді. Былтырғы жылы мердігер «QazContruction» компаниясымен қайтадан үшжақты меморандум жасалып, жұмысын жалғастырып жатыр. 2024 жылдың аяғына дейін барлық ауыл ішіндегі абоненттерге дейін, үйінің қоршауына дейін су құбырларын тарту жұмыстарын бітірді. Жұмыстарды 2025 жылдың 30 маусымына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр» деген жазба қалдырған.
Бүгін 2 шілде, ауызсу желісі әлі қосылған жоқ. Уәде орындалмады. Ал аудан билігі жобаның аяқталар уақытын тағы шегерді. Маусымның 25-і күні ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Данияр Дүйсембаев «Тоңқайыңды ауызсумен қамту жобасы биыл толық жүзеге асырылады» деді. Бірақ қай айда, қай күні екенін нақтыламады…
ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Күні кеше Топқайың тұрғыны, зейнеткер Гүлнар Әнуарбекқызы телефон арқылы хабарласып, дүйім жұрттың өтінішін жеткізді.
Ауызсу әлі берілген жоқ. Ауылдың жартысы мектеп жанындағы жалғыз құдықтан су алады. Қалғанымыз өзеннен тасып ішеміз. Білмеймін, неше жылдың жүзі болды, недеген бітпейтін жұмыс. Биыл қосып берсе жақсы еді. Енді болмаса шыңғыстайлықтар сияқты Президенттен көмек сұрау ғана қалды, – деді Гүлнар Әнуарбекқызы.
Зейнеткердің шыңғыстайлықтарды мысалға келтіруі тегін емес. Биыл қыста Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылының халқы жылдар бойы тыйылмай келе жатқан мал ұрлығына шағымданып, Президенттен көмек сұраған. Алақандай ауылдың үні Парламентке жетіп, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдаған. Артынша қылмыстық іс қозғалып, полиция тергеуді бастады. Амалы таусылған топқайыңдықтардың Мемлекет басшысынан көмек сұрайық дегені сондықтан.
АНЫҚТАМА
Естеріңізге сала кетсек, 100 қаралы шаңырақ түтін түтетіп отырған Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында орталықтандырылған ауызсу желісі 2021 жылы тартыла бастаған. Оған бюджеттен 600 млн теңге бөлінген. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 14 шақырым ауызсу желісі төселіп, екі ұңғыма қазылып, құдықтар мен сорғы стансасы салынуы керек еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін жүз пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойған. Президент тапсырмасы толық орындала ма, өзеннен су ішіп отырған топқайыңдықтардың үйіне сапалы ауызсу жете ме, оны уақыт көрсетеді.




