Үлкен Нарын ауданының байырғы білім ордасы — Үлкен Нарын аграрлық-техникалық колледжі өзінің 90 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Бұл күні талай шәкіртті қанаттандырған қасиетті қара шаңыраққа, оқу орнының бай тарихына, қалыптасу жолына және бірнеше буынға сапалы білім берген ұжымның еңбегіне ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды F16.kz.
Мерекелік кеш мазмұнды концерттік бағдарламамен басталды. Сахнада патриоттық рухта орындалған әндер мен билер көрермендерге қуаныш сыйлап, колледждің рухани құндылықтарын айшықтай түсті. Шара барысында оқу орнының жетістіктері, өңірдің дамуына қосқан үлесі және ардагер ұстаздардың еңбегі ерекше аталды.
Іс-шараға аудан басшылығы, ШҚО білім басқармасының өкілі, түлектер, ардагер ұстаздар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Аудан әкімі Елдос Байрахметов құттықтау сөзінде колледж ұжымының көпжылдық еңбегіне ризашылық білдіріп, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыстады.
Мерекеге арнайы келген білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек колледж ұжымына жүрекжарды тілегін жеткізді. Ол оқу орнының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, көптеген жылдар бойы жастарға бағыт-бағдар беріп келе жатқан қызметкерлер мен ардагер ұстаздарға басқарма атынан марапаттар ұсынды.
Салтанатты бөлім аяқталған соң, мерейтой құрметті қонақтарға арналған ақ дастарқан басында жалғасын тапты. Жылы тілектер, естеліктер мен алдағы жоспарлар айтылған бұл басқосу мерекенің мәнін одан әрі айшықтай түсті.
Үлкен Нарын аграрлық-техникалық колледжінің 90 жылдық тарихы – тек өткен жолдың қорытындысы ғана емес, жаңа белестерге жол ашатын жарқын болашақтың бастауы. Колледж ұжымы мен түлектері үшін бұл мерейтой үлкен мақтаныш әрі жаңа мақсаттарға жетелейтін маңызды кезең болды.




