Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысындағы суармалы егіншілік жүйесі дамыған бірден-бір өңір ретінде аграрлық сектордағы жетекші орындардың бірін сақтап келеді. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 155 шаруашылық Үйлен су қоймасының мүмкіндігін пайдаланып, 8608 гектар жерді игеруде. Суармалы егіншілік алқаптарын ұлғайту мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынған.
– Алдағы уақытта жалпы ұзындығы 113 шақырым болатын төрт негізгі су құбыры салынады. Сонымен қатар, 10 151 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз ететін 30 шаруашылықішілік канал іске қосылды. Қазіргі таңда үш шаруашылықта тамшылатып суару технологиясы енгізілген, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Биыл көктемгі егіс науқаны да табысты өтті. Аудандағы 411 шаруашылық 16 170 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті.
Мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Жылдың алғашқы төрт айында аудан шаруалары 3 мың тоннадан астам ет және 4 мың тоннадан астам сүт өндірді. Сонымен қатар, ірі қара, жылқы, қой-ешкі және басқа да мал түрлерінің саны артып келеді.
Ауданда құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл ауылдық елді мекендерде 48 тұрғын үйдің және Зайсан қаласында екі көпқабатты үйдің құрылысы басталады.
Бұдан бөлек, Зайсан қаласы мен Сартерек ауылында жаңа спорт кешендері салынады. Үлкен Қаратал және Сарыжыра ауылдарында жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Аудандық аурухананың жансақтау бөлімін күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта «Зайсан – Жаңатұрмыс – Шүршітсу» және «Біржан – Ақарал» бағыттарындағы өңірлік жолдар жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, Қаратал мен Шүршітсу ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жүргізіледі.
Халықты жұмыспен қамту мәселесі де тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері 70 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 231 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында төрт жас маман тұрғын үй сатып алу үшін қолдау алды. Жыл соңына дейін ауданда мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Экологиялық бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. «Taza Kazakhstan» республикалық акциясы аясында аудан тұрғындары санитарлық тазалық пен абаттандыру шараларына белсенді қатысуда. Биыл өткізілген сенбіліктер барысында 480 гектар аумақ тазартылып, 69 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, екі мыңға жуық алма көшеті отырғызылды.
Осылайша, Зайсан ауданында ауыл шаруашылығы, әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеу жұмыстары қатар дамып келеді. Суармалы егіншілікті кеңейтуге бағытталған жобалар ауданның аграрлық әлеуетін одан әрі арттырып, өңір экономикасының тұрақты өсіміне серпін бермек.




