Әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлім етті.
Аталған азаматтар лайк, қаралым және донат үшін TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.
Мәселен, TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танылған Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Индира Ештаева тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды.
Алматы қаласында 32 жастағы Ақтөре Батырбек тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Шымкент қаласында 20 жастағы Данияр Сейдалиев аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен 41 жастағы Лайло Қасымова бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған да әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ осы облыста 19 жастағы Жарқынай Байбек мен Асылжан Танабергановтың TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» үшін контент жасағаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Анонимді аккаунтпен жасырыну мүмкін емес. Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Біз қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зомбылық, адамдарды қорлау, әдепсіз әрекеттер және қоғамдық тәртіпке қайшы басқа да іс-әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатын тұлғалардан цифрлық кеңістікті жүйелі түрде тазартуды жалғастырамыз. Азаматтардың басым көпшілігі мұндай контентті құптамайды. Халық интернетте заң бұзатындарға қатысты шара қолдануды талап етіп, полицияға тікелей жүгінеді. Әрбір мұндай өтініш міндетті түрде қаралады, — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.




