Шомылу маусымы басталғалы Шығыс Қазақстан облысының су айдындарында 10 адам суға кетіп, көз жұмған. Құтқарушылардың айтуынша, барлық қайғылы жағдай шомылуға тыйым салынған жағажайларда болған, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірде аптап ыстық жалғасуда. ШҚО ТЖД құтқарушылары су айдындарында рейд жүргізіп, демалыс орындары мен рұқсат етілмеген жағажайларда бақылауды күшейтті.
Шомылу маусымы басталғалы облыстың су айдындарында 10 адам суға кетіп, көз жұмды. Судағы барлық жазатайым оқиғалардың басты себебі-қауіпсіздік ережелерін бұзу және шомылуға тыйым салынған, қауіпті жерлерді таңдау. Сондай-ақ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, шағын көлемді кемелерді, су көліктерін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін де 59 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұған дейін кеме иелеріне ережелер түсіндіріліп, нұсқаулық берілген. Құтқарушылар қауіпсіздік талаптарын сақтамау демалушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салады.
Кеме жүргізушілері міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге, жолаушылардың рұқсат етілген санынан аспауға, мас күйінде суға шықпауға, ауа райы жағдайларын ескеруге және өзімен бірге қажетті құжаттарды алып жүруге міндетті, — дейді департаменттің баспасөз қызметі.
ШҚО ТЖД мамандары демалу үшін тек қана жабдықталған және рұқсат етілген шомылу орындарын таңдап, құтқару кеудешелерін пайдалануды, балаларды судың жанында қараусыз қалдырмау керектігін тағы бір еске салады.




