Шығыс Қазақстан облысында марал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Өңір билігі жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Қазір облыста 17 марал шаруашылығы жұмыс істеп тұр, ол жерлерде туристік және сауықтыру қызметтерін ұсынады. Бірақ саланың ілгері басуына кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес. Айталық, мемлекеттік қолдаудың (субсидиялар) болмауы, панты өнімдерін өткізетін нарықтың дамымауы, экспортқа шығарылатын өнімдер бағасының төмендігі, жем-шөп базасының нашарлығы, техникалық жарақтандыру мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, шаруашылықтардағы қаржы тапшылығы сияқты мәселелер марал баққан жұрттың аяғына тұсау болып тұр.
Аталған проблемаларды шешудің бір жолы ретінде республикалық Марал шаруашылығы палатасы жергілікті бюджет қаражатының және өңірлік қаржы институттарын тарту есебінен кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру облыстық бағдарламасын енгізуді ұсынды. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер беріледі. Олардың шарттары: төмен пайыздық мөлшерлеме (жылдық 5%-дан аспайды), негізгі қарыз бен пайызды өтеу бойынша 24 айға дейінгі жеңілдік мерзімі, кепілзат – қаржы институтының кепіл саясатына сәйкес мүлік. Бағдарламаны іске қосу шаруашылықтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, марал басын көбейтуге, инфрақұрылымды дамытуға, селекциялық жұмыстар жүргізуге, панты мен етті қайта өңдеуге серпін береді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және индустрия басқармаларына, «Ертіс» ӘКК» ұйымына марал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасын қарастырып, облыстық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін пысықтау қажет. Сонымен қатар Катонқарағай ауданының әкіміне жауапты сала басшыларымен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған марал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылды, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.




