Биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, Шығысқа 100 мың турист саяхаттап келген. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңес барысында белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Туризм саласын дамыту мәселесі бойынша өткен кеңесте жазғы туристік маусымның өтуі, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары, жолдың жағдайы мен туристік бағыттар бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың жұмысы қаралды.
Туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстанға 100 мың турист келген. Оның 95 мыңы отандық туристер болса, 5 мыңы шетелден арнайы келген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50%-ға артқан.
Қазір облыста 371 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Биыл туристік маусымға дайындық дайындықты ерте бастадық. Жағажайлар мен демалыс базалары тазаланып, судан сынамалар алынып, 10 маусым күні ресми түрде шомылу маусымы басталды. Қазір құтқару бекеттері, мобильді патрульдік топтар жұмыс істеп тұр, — деді обылстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Айта кету керек, биыл алғаш рет туристік нысандарға апаратын жол бойынша санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату жұмыстары басталды. Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан төрт санитарлық-гигиеналық торап орнатылған. Жыл соңына дейін тағы тоғыз торап орнату жоспарланып отыр.
Бүгінде өзекті мәселелердің бірі – туристік аймақтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Қазір туристік нысанды байланыс және интернетпен қамтамасыз ету бойынша базалық станциялар орнату, радиокөпірлер ұйымдастыру және KazSat пен OneWeb спутниктік технологияларын қолдану арқылы нүктелі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл су айдындары мен туристік нысандарда туристердің жаппай шоғырланатын жерлерінде мәселелерді жедел анықтау және шешу мақсатында көшпелі кеңестер өткізіліп жатыр. Мысалы, Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде (Сібе көлдері) орналасқан қалалық жағажай мен Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде көшпелі кеңестер өткізілді. Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырма берді.
Қалалар мен аудандардың әкімдері барлық демалыс аймақтарын толық ретке келтіру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Жолаушылар көлігі басқармасы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалымен бірлесіп, туристік бағыттар бойындағы барлық санитарлық-гигиеналық тораптарды ашуы және оларды қосымша орнату бойынша қала-аудан әкімдерімен бірлесіп ұсыныстар енгізуі қажет. Сонымен қатар, жол бойындағы барлық сервистік нысандарды тексеріп, олардың айналасындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды ретке келтіру қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмаларының ішінде әуежайлар мен вокзалдарды цифрландыру және облыстың туристік сайтына көшіру, барлық қоғамдық жағажайларды абаттандыру, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық-гигиеналық тораптар мен күркелер орнату, сондай-ақ полиция тарапынан қоғамдық демалыс орындарында тұрақты патрульдеуді қамтамасыз ету мәселелері бар.




