Әрбір тұтынушы сапалы тауар мен қызмет алуға құқылы. Егер сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылса, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) наразылықпен жүгінуге болады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
МЫНАЛАРДЫ БІЛУІҢІЗ КЕРЕК
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 42-4-бабына сәйкес, тұтынушы заңбұзушылықтарды жоюды талап етуге, тауардың немесе қызметтің кемшіліктерінен келген залалды өтеуді сұрауға құқылы.
НАРАЗЫЛЫҚ ХАТЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛАДЫ?
Наразылық хат еркін түрде жазылады. Онда көрсетілуге тиіс жайттар: қандай құқықтары бұзылғаны, тауардың немесе қызметтің кемшіліктері, тұтынушының талаптары (ақшаны қайтару, тауарды ауыстыру, кемшілікті жою және т.б.).
НАРАЗЫЛЫҚ ХАТЫ ҚАЙДА ЖОЛДАНАДЫ?
- Тікелей сатушыға (қабылданғаны туралы белгі алу қажет);
- Пошта арқылы сатушының заңды мекенжайына;
- Электронды түрде (e-mail немесе онлайн жүйелер арқылы).
САТУШЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) міндетті:
- тұтынушының наразылығын қарауға;
- 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беруге;
- өз ұстанымын растайтын құжаттардың көшірмесін қоса ұсынуға.
ЕГЕР ЖАУАП БОЛМАСА
Егер сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе немесе заңбұзушылықтарды жоюдан, шығынды өтеуден бас тартса, тұтынушы:
- уәкілетті органға жүгінуге;
- тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарға шағымдануға;
- қажет болған жағдайда сотқа арыздануға құқылы.
ТҰТЫНУШЫ ЖАҒДАЙЫНДА БОЛҒАН МЫСАЛ
Түркістан облысының тұрғыны онлайн жүйе арқылы 350 000 теңгеге төсек-орын сатып алған. Бірақ жеткізілген кезде бір жамылғы жетіспеген. Сатушыға жазған наразылық хатына жауап болмаған соң, тұтынушы «Е-Өтініш» жүйесі арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департаменттің араласуынан кейін сатушы өз қателігін мойындап, жетіспеген тауарды «Қазпошта» арқылы жіберген әрі тұтынушының 6 000 теңге шығынын өтеген. Нәтижесінде, тұтынушының құқығы толықтай қорғалып, қалпына келтірілді.




